Степногорск тұрғыны итті қатыгездікпен өлтіргені үшін жауапқа тартылады
Желіде тараған оқиғадан кейін полиция жануарға қатыгездік көрсету фактісі бойынша тергеу бастады
Ақмола облысының Степногорск қаласында ер адам қартайып, сырқаттанған итін ветеринарлық клиникада ұйықтатудың орнына балғамен ұрып өлтірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Итке жасалған қатыгездік түсірілген видео әлеуметтік желі қолданушыларын дүр сілкіндірді. Оқиғаның куәсі болған тұрғындар мен балалар полиция шақырған.
Ақмола облыстық полиция департаменті бұл жағдайға жедел әрекет етіп, жануарға қатыгездік көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
«11 маусым күні Степногорск қалалық полиция басқармасына белгісіз ер адамның итті ұрып жатқаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына барған полиция қызметкерлері жануардың күдіктіге тиесілі екенін анықтады. Иттің жасы ұлғайып, жағдайы нашарлағандықтан, иесі оны ұйықтату туралы шешім қабылдаған», – деп мәлімдеді ведомство.
Алайда ветеринарлық клиникаға жүгінудің орнына ер адам итке балғаға ұқсас затпен бірнеше рет соққы жасаған.
Аталған факті бойынша ресми тергеу басталды.
Айта кетейік, жануарға қатыгездік көрсетіп, оның өліміне себеп болғаны үшін ер адамға 200 АЕК-ке дейін (2026 жылы 865 мың теңге) айыппұл салынуы мүмкін. Сондай-ақ оған 200 сағатқа дейін түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту, не 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.