Шымкенттің жаңа келбеті: тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысы қарқын алды
Әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы – экономика өсімінің, қала мәдениеті мен халықтың өмір сапасының негізгі көрсеткіші
Шымкент соңғы жылдары қарқынды дамып, мегаполис келбетін айқын көрсетіп келеді. Қалада тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Президент тапсырмасы аясында жүзеге асып жатқан бұл жобалар шаһардың болашақ бағытын айқындап, жаңа үйлер мен әлеуметтік нысандардың салынуы тұрғындар үшін үлкен үміт пен оң өзгерістер әкелуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жаңа үйлер – жаңа өмірдің бастауы
Қалада биылдың өзінде 57 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Бұл – 3 592 отбасының баспаналы болуына жол ашатын ауқымды жұмыс. Соның ішінде 31 үй, яғни 2 412 пәтер жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Қазірдің өзінде 12 үйдің құрылысы аяқталып, жаңа қоныс иелеріне есігін айқара ашты. Ақжайықта – 5, Бозарықта – 7 үй бой көтеріп, шағын аудандардың ажарына ажар қосты. Бұл – сан ғана емес, бұл – мыңдаған отбасының арманы.
Жалпы соңғы үш жылда Шымкентте 3 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілгені – қаланың қарқынды дамуының айқын дәлелі.
«Көксай» реновациясы – ғасырлық тарихы бар ауданның жаңғыруы
Шымкенттің ерекше назардағы нүктелерінің бірі – ел арасында «Зелёная балка» аталып кеткен Көксай ауданы. Бір ғасыр бұрын теміржол құрылысы басталған кезде пайда болған бұл аудан ұзақ жылдар бойы құжатсыз салынған үйлермен, тозығы жеткен ғимараттармен, шешімін таппаған әлеуметтік проблемалармен белгілі еді.
Бүгінде жағдай түбегейлі өзгеруде. Қалалық әкімдік реновация бағдарламасы аясында бұл ескі ауданға жаңа тыныс бере бастады. Халықпен кездесулерден кейін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бұл аумақты жаңғырту жөнінде нақты шешім қабылдап, ел алғашқы нәтижелерін көре бастады. Ескі үйлерде тұрған 83 отбасы жаңа пәтерлерге қоныс аударды.
Көксай реновациясының келесі кезеңінде әкімдік ғимараты, спорт кешені, әлеуметтік нысандар, жаңа көпқабатты үйлер, саябақтар салу жоспарланған. Бір кездегі ескі аудан енді заманауи, өмір сүруге қолайлы жаңа орталыққа айналмақ.
Білім, денсаулық, мәдениет – дамудың жаңа сатысында
Шымкенттегі әлеуметтік инфрақұрылым да бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып жатыр. Қазір қалада 17 білім нысаны салынып немесе жөнделіп жатыр. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 жаңа мектеп бой көтеруде, соның 11-і толық аяқталған. Бұл – мыңдаған балаға жаңа, кең, жарық мектептер есігін ашты деген сөз.
Мәдениет пен спорт саласында да айтарлықтай қозғалыс бар. Бейбітбек би көшесіндегі мәдениет нысанының құрылысы аяқталуға жақын. №15 спорт мектебі қазірдің өзінде жұмыс істей бастады. Сонымен қатар қалада теннис орталығы, спорт кешені және 35 мың орындық ірі стадион жобалануда.
Әлеуметтік қорғау саласында үш ірі нысан салынып жатыр: әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған 150 орындық оңалту орталығы. Денсаулық сақтау саласында да жаңа перинаталдық орталық, қан орталығының корпусы, диагностикалық орталықты кеңейту жұмыстары қолға алынған.
Жаңа үйлер, жаңа мектептер, жаңа спорт кешендері мен денсаулық сақтау орталықтары – мұның барлығы қала тұрғындарының өмір сапасын жоғары деңгейге көтеруді мақсат етеді. Іске асырылып жатқан әрбір жоба Шымкентті жайлы, заманауи, қауіпсіз мегаполиске айналдыру жолындағы нақты қадам.
Бүгінгі қарқын сақталса, Шымкенттің ертеңі бұдан да жарқын болмақ. Қала өсіп келеді. Қала жаңарып келеді. Ең бастысы – бұл өзгерістердің бәрі Шымкент тұрғындарының игілігіне бағытталған.