$ 518.39  603.09  6.68
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қариясын қадірлеген: ШҚО-да 10 медициналық-әлеуметтік мекеме зейнеткерлерге қызмет көрсетеді

Облыста 141 500 зейнеткер бар

Қариясын қадірлеген: ШҚО-да 10 медициналық-әлеуметтік мекеме зейнеткерлерге қызмет көрсетеді
Фото: iStockphoto.com

Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік саясат саласында тың қадамдар жасалып, әрбір азаматтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған кешенді бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Өңірдегі әлеуметтік саясат тек әлеуметтік қызмет көрсету деңгейін арттырумен шектелмей, халықтың барлық топтарын, оның ішінде зейнеткерлерді, мүгедек жандарды, жастарды және әлеуметтік осал топтарды қамтитын кешенді жүйеге айналды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Бүгінгі таңда облыс халқының саны - 720 615 адам, оның ішінде 141 500 зейнеткер, 28 244 мүгедек, 381 300 экономикалық белсенді адам бар. Жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,6%, жастар арасындағы жұмыссыздық 3,3%, ал әйелдер арасындағы жұмыссыздық 4,8% болып отыр.

Әлеуметтік қызмет көрсету инфрақұрылымы

Әлеуметтік қорғау жүйесі – мемлекеттің адамдарға қамқор болып, олардың өмір сапасын жақсартуға жауапты екендігін көрсететін маңызды сала. Облыста 51 әлеуметтік ұйым жұмыс істейді, олардың құрамында 3 200-ден астам білікті маман жұмыс істейді. 2025 жылдан бастап әлеуметтік қызметкерлерді аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізіліп, 714 маманның 214-і кәсіби біліктілік сертификатына ие болды.

Қаржыландыру ережесі және мемлекеттік-азаматтық әріптестік

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қызметтер жан басына шаққан қаржыландыру қағидатына көшті. Бұл тәсіл әлеуметтік мекемелердің тиімділігін арттырып, қызмет сапасын бақылауға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда 36 ұйым қызмет көрсетеді, оның ішінде 27 мемлекеттік мекеме, 9 үкіметтік емес ұйым бар.

Аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары 3 082 адамға, оның ішінде 178 балаға қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, 6 үкіметтік емес ұйым мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 248 млн теңгеге қосымша 383 адамға қызмет көрсетіп отыр.

Медициналық-әлеуметтік мекемелер мен оңалту қызметі

Облыстағы 10 медициналық-әлеуметтік мекеме 2 014 тұрғынға тұрақты күтім жасайды. Биыл бұл бағытқа 9 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Азаматтардың денсаулығын қалпына келтіру және оңалту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Мысалы, «Уба» шипажайында 3 866 адам ем қабылдаса, олардың 3 488-і зейнеткер. Грехово ауылындағы оңалту орталығы 788 тұрғынға қызмет көрсетті.

Наурыз айында Өскемен қаласында ашылған Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы қарттардың белсенділігін арттыратын, спорттық және шығармашылық үйірмелер арқылы өмір сапасын жақсартатын маңызды орынға айналды. Қазіргі таңда мұнда 470 зейнеткер 19 үйірмеге қатысады.

Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау

Облыста 28 244 мүгедек азамат бар, оның ішінде 3 615-і бала. Оларға техникалық оңалту құралдары, жеке көмекшілер қызметі және арнайы әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Биыл осы мақсатқа 4 млрд теңге бөлінді.

Жастарға арналған әлеуметтік қолдау және білім беру

Елімізде жастарға әлеуметтік қолдау көрсету және олардың сапалы білім алуына жағдай жасау - мемлекеттік саясаттың басым бағыты. 2025 жылы жоғары оқу орындары мен колледждердегі студенттердің стипендиясы 2 есе, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 1,75 есеге артты. Бакалавр студенттері 52 372 теңге, педагогикалық және медициналық бағытта оқитындар 84 000 теңге, магистранттар 117 098 теңге, докторанттар 262 500 теңге көлемінде стипендия алады.

ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев жастарға қолдау көрсету маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет студенттердің тек білім алуына ғана емес, әлеуметтік жағдайына да көңіл бөледі.

Жоғары оқу орындарындағы қолдау шаралары

С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенттерге оқу төлемақысынан 10–50% жеңілдік ұсынады. Талантты жастарға арналған Абай және Аманжолов шәкіртақылары тағайындалып, олимпиада жеңімпаздарына оқу ақысы толық жеңілдікпен беріледі.

Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан студенттерге ай сайын 15 000 теңге көлемінде көмек көрсетеді, әлеуметтік қиын жағдайда қалған студенттерге 10 000 теңге беріледі. Жатақханаға мұқтаж студенттер үшін 50% жеңілдік қарастырылып, жетім балаларға тегін орындар бөлінеді.

Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік қолдау жүйесі кешенді, нақты көрсеткіштер мен нәтижелерге негізделген. Аттестаттау жүйесінің енгізілуі, жан басына қаржыландыру моделі, үкіметтік емес ұйымдармен серіктестік, оңалту орталықтарының жұмысы және жастарға арналған стипендиялық жүйе өңірдің әлеуметтік саясатының тиімділігін айқын көрсетеді.

Облыстың әлеуметтік саясаты халықтың барлық санатына теңдей қолжетімділікті қамтамасыз етіп, зейнеткерлер, мүгедектер, жастар және әлеуметтік осал топтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруда.

Серіктес жаңалықтары