Шымбұлаққа көлікпен кіруге қойылған шектеу заңсыз деп танылды

Сот тексеріс барысында  «Алматы қаласының жекелеген аумақтарына көлік құралдарының кіруін шектеу туралы» қаулысының 1-тармағын қарады

Шымбұлаққа көлікпен кіруге қойылған шектеу заңсыз деп танылды
Фото: © istockphoto.com

Алматыдағы әйгілі «Шымбұлақ» шатқалына жеңіл көліктердің кіруіне тыйым салған әкімдік қаулысы Ата заңға қайшы болып шықты. Конституциялық сот тек электромобильдерге ғана рұқсат берген ереженің күшін жойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл істің қозғалуына Іле-Алатау ұлттық табиғи паркі аумағындағы «Тұйықсу» шатқалында тұратын жергілікті тұрғынның арызы себеп болған. Келіншектің үйіне жету үшін «Медеу – Шымбұлақ» тас жолы арқылы өту қажет. Алайда ол аумақта асфальт жолдың жоқтығынан тұрғындар үшін жеке көлікті пайдалану қажеттілігі туындаған. Шағым иесінің айтуынша, қолданыстағы шектеулер оның өз үйіне кедергісіз жетуіне қиындық тудырып, еркін жүріп-тұру құқығын шектеген.

Сот тексеріс барысында Алматы қаласы әкімдігінің 2016 жылғы 8 сәуірдегі № 2/122 «Алматы қаласының жекелеген аумақтарына көлік құралдарының кіруін шектеу туралы» қаулысының 1-тармағын қарады. Бұл құжат бойынша, ерекше қорғалатын табиғи аумаққа электромобильдерден басқа көліктің кіруіне тыйым салынған болатын.

Конституциялық сот мемлекеттің қоршаған ортаны қорғау үшін шектеулер енгізуге құқығы бар екенін алға тартты. Бірақ мұндай шаралар заң шеңберінде ғана жүзеге асырылуы тиіс.

Сот бұл мәселеде маңызды құқықтық қайшылықтар бар екенін анықтады. Атап айтқанда, Экологиялық кодекс бойынша мұндай аумақтарда көлік қозғалысын шектеу және оған қатысты нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау құзыреті Алматы қаласы әкімдігіне емес, жергілікті өкілді орган — мәслихатқа берілген. Әкімдіктің мұндай қаулыны қабылдауға заңды өкілеттігі болмаған.

Сот атқарушы органдардың жол қозғалысы және экология заңнамасы аясында шектеулер қоя алатынын жоққа шығармайды. Алайда кез келген тыйым азаматтардың заңды мүдделерін ескеруі керек және олардың өміріне негізсіз қиындық тудырмауы тиіс.

«Қарау қорытындысы бойынша Конституциялық сот Алматы әкімдігінің 2016 жылғы қаулысының 1-тармағын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп таныды», — делінген ресми шешімде.

Бұл шешім алдағы уақытта Шымбұлақ бағытындағы көлік қозғалысын реттеу ережелерінің қайта қаралатынын білдіреді.