Семейде нөсер жаңбырдан кейін қала көшелерін су басты

Қазір жағдайды тұрақтандыру үшін бірқатар жұмыс атқарылып жатыр

Семейде нөсер жаңбырдан кейін қала көшелерін су басты
Фото: © istockphoto.com

Семей қаласында күннің күрт бұзылып, нөсер жауын мен бұршақтың жаууы қала тіршілігін қиындатып жіберген. Орталық көшелер мен жаяу жүргіншілер жолы су астында қалып, қазіргі уақытта зардаптарды жою жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жауынның қатты болғаны соншалық, қаланың қақ ортасында көлшіктер пайда болды. Жаяужолдың деңгейінен асқан судан өту үшін кейбір тұрғындарға аяқ киімдерін шешіп, су кешуге тура келген.

Ең күрделі жағдай теміржол астындағы өткелдерде тіркелді. Ол жерлерге су көп жиналғандықтан, автокөлік жүргізушілері су астында қалған терең шұңқырларға түсіп кетуден қорқып, бұл аумақтардан үлкен сақтықпен өткен. Ал қала шетіндегі тұрғындардың айтуынша, елді мекендерге бұршақ жауған.

Төтенше жағдайға байланысты қала көшелеріне бірден арнайы техникалар шығарылды. Жергілікті билік тұрғындардан уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұрады.

Семей қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Балжан Қалидің мәлімдеуінше, қолайсыз ауа райының салдарын тез арада жою үшін барлық күш жұмылдырылған.

Қазір жағдайды тұрақтандыру үшін бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Атап айтқанда, жиналған суды сорып, сыртқа шығару мақсатында онға жуық арнайы техника жұмылдырылған. Сонымен қатар, коммуналдық қызметтердің арнайы бригадалары күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Мамандар жаңбыр суы ағатын арықтар мен кәріз жүйелерін тазалап, судың кедергісіз ағуын қамтамасыз ету шараларын жүргізіп жатыр.

«Қалада су айдау және нөсерлік ағындардың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар тоқтаусыз жүргізіліп жатыр», — деп атап өтті мекеме өкілі.