$ 518.39  603.09  6.68
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 11:16
Қоғам

Мектепке аяқастынан тексеріспен барғандар бірден айыппұл салмайды – депутат

Алдымен анықталған кемшіліктерді жою туралы ұсыныс береді

Мектепке аяқастынан тексеріспен барғандар бірден айыппұл салмайды – депутат
Фото: istockphoto.com

Білім беру ұйымдарына бұрынғыдай күні бұрын ескертіп емес, қажет болған сәтте аяқ астынан тексеріс жасауға болады. Алайда кенеттен жасалған тексеріс кезінде анықталған заңбұзушылықтар үшін бірден айыппұл салынбайды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бұл жерде біз бір ұсыныс енгіздік. Енді мектептің асханасын тексергенде, білім беру ұйымдарында балаларға қатысты басқа да тексеріс жүргізгенде, бұрынғыдай бір жыл бұрын «мен келемін» деп сүйіншілеп, оны арнайы тіркеп, ескертіп жатпайды. Қажет уақытта аяқасты тексеруге мүмкіндік алады. Бұл маңызды. Өйткені сен алдын ала тексеремін деп ескертсең, олар дайындалып қояды ғой. Сондықтан осындай шешім қабылдадық», - деді Аймағамбетов Мәжіліс кулуарында.

Бірақ депутаттың айтуынша, аяқастынан жасалған тексеріс кезінде анықталған кемшіліктер үшін айыппұл салынбайды.

«Өйткені тексерістің мағынасы қандай? Кемшіліктерді анықтау және оны жою үшін нақты ұсыныстар беру. Сондықтан бірінші кезекте аяқ астынан барып тексереді, бірақ сол тексерістің нәтижесінде олқылықтар анықталса, оған бірден айыппұл салмайды. Алдымен тиісті ұсыныстарын береді. Егер содан кейін берген ұсыныстары бойынша шара қабылданбаса ғана жауапкершілік болады. Менің ойымша, бұл өте әділ шешім», - деп санайды мәжілісмен.

Серіктес жаңалықтары