$ 520.02  608.79  6.57
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.12.2025, 18:27
Қоғам

Жасанды интеллектіні тегін меңгеріп жатқан қазақстандық мұғалімдер Оңтүстік Кореяға барады

Педхакатоннан іріктеліп шыққан үздік 20 мұғалім Оңтүстік Кореяға жолдама алады 

Жасанды интеллектіні тегін меңгеріп жатқан қазақстандық мұғалімдер Оңтүстік Кореяға барады
Фото: пресс-служба партии «AMANAT»

Қазақстанды үш жыл ішінде цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойған президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектімен жұмыс істеуді мектептен бастап үйрету керек екенін айтқан еді. Бұл үшін алдымен ұстаздардың өзі ЖИ технологияларын меңгеріп, оны сабақта қолдана алуы аса маңызды. Осы тапсырмаға сәйкес елімізде «AMANAT» партиясының қолдауымен мұғалімдерге арналған 80 сағаттан тұратын тегін онлайн-курстар іске қосылды. Бағдарламаға қатысқан ұстаздарды ерекше сый күтіп тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстан мұғалімдеріне арналған «Ustazga AI» тегін онлайн-курсы – жасанды интеллектіні оқу процесінде тиімді және жауапты қолдануды үйрететін кешенді бағдарлама. Курс ұстаздарға ЖИ құралдарын сауатты пайдаланып, өзінің күнделікті жұмысын жеңілдетуге, сабақты жаңаша форматта ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Онлайн курстың бағдарламасын «Daryn Ustaz» ЖШС әзірлеген. Бұл игі бастамаға «AMANAT» партиясы да бірден қолдау көрсетті. Өйткені партия құрамында 260 мыңнан астам педагог бар, яғни мүшелердің басым бөлігі – ұстаздар. Сондықтан мұғалімдерді кәсіби тұрғыдан қолдау, жаңа технологияларды меңгеруіне жағдай жасау партия үшін әрқашан басым бағыттардың бірі болып саналады.

 Жасанды интеллект мұғалімге қалай көмектеседі?

Жасанды интеллект мұғалімнің жұмысын айтарлықтай жеңілдетіп, оқу процесін тиімді етуге мүмкіндік береді. Ең алдымен, ол құжаттар мен есептерді дайындау, бағалау жүргізу, оқушылардың нәтижелерін талдау сияқты рутиналық міндеттерді автоматтандырады. Бұл ұстаздың уақытын үнемдеп, негізгі жұмысына — оқытуға көбірек көңіл бөлуге жол ашады.

Сонымен бірге ЖИ әр оқушыға жеке білім траекториясын ұсынуға көмектеседі, сабаққа қажетті материалдарды түрлі форматта тез дайындап береді және мұғалім үшін виртуалды ассистент рөлін атқара алады.

Бұдан бөлек, педагогтің кәсіби дамуына да қолдау көрсетеді: әдістемелік ұсыныстар береді, рефлексия жасауға бағыттайды, сабаққа қажет контентті жылдам генерациялап, шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Ең маңыздысы, мұғалім курсқа өзіне ыңғайлы кез келген уақытта қатыса алады.

Онлайн курс толығымен тегін, ал ақылы сертификат міндетті емес

Бас-аяғы 80 академиялық сағатқа созылатын онлайн курс – жасанды интеллектімен жұмыс істеуді үйренгісі келген мұғалімдер үшін толықтай тегін. «AMANAT» партиясы да бұл жобадан пайда табуды мақсат етпейтінін ашық мәлімдеді. Басты міндет – ұстаздарға жаңа технологияларды меңгеруге жол ашу.

Курс аяқталғаннан кейін бағдарламаны әзірлеп, жүзеге асырып отырған «Daryn Ustaz» компаниясы мұғалімдерге сертификат алу мүмкіндігін ұсынады. Оның құны – 4 990 теңге. Бұл сертификат Оқу-ағарту министрлігінің №175 бұйрығына сәйкес аттестацияда жарамды және Ustaz платформасына тіркеледі.

Дегенмен сертификат ақылы болғанымен, оны алу – міндет емес. Курсты тегін аяқтаған мұғалімдерге сертификатты сатып ал деп ешкім қысым көрсетпейді. Таңдау әркімнің өз еркінде.

Үздік ұстаздар Оңтүстік Кореяға барады

Жоба аясында мұғалімдер үшін арнайы педагогикалық хакатон ұйымдастырылмақ. Курстан өткен мұғалімдер «Мектепке арналған ЖИ шешімі» тақырыбында өз жобаларын таныстырады, жасанды интеллект құралдарын қалай қолданып жүргенін көрсетеді.

Ұстаздардың жұмысын жасанды интеллект пен тәуелсіз сарапшылар бағалайды. Топ жарған үздік 20 мұғалім Оңтүстік Кореяға жолдама алып, тегін тәжірибе алмасуға барады.

Педагогикалық хакатон 2026 жылғы наурыз күндеріне жоспарланған.

Серіктес жаңалықтары