Еуропаға виза алу жеңілдейді: Қазақстан құжаттар саны мен төлем сомасын азайтпақ
Қазір Еуроодақ пен Қазақстан арасында келіссөз жүріп жатыр
Қазақстан Еуропа одағы елдеріне виза алу үшін талап етілетін құжаттар саны мен төлем сомасын азайтуды көздеп отыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, 2 желтоқсан күні сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев осы мәселеге қатысты келіссөздердің бірінші раундын өткізген.
«Мысалы, қазір Еуропа Одағының елдеріне визаға құжат тапсырарда жиырмадан отызға дейін құжат сұратады. Біз сол тізімді азайтамыз. Сосын визаға төлейтін қаражаттың сомасын азайтуға тырысамыз», - деді Смадияров Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте.
Ол жаңа өзгерістер нақты қашан жүзеге асатынын айта алмады.
«Еуропа Одағына бірнеше мемлекет кіреді, сондықтан олар ұжымдық келісімге келуі керек. Біз Қазақстан тарапынан барлық уағдаластықты орындап жатырмыз. Бұл жерде елдің қауіпсіздігі, көші-қон саясаты, еңбек визасы сияқты басқа да мәселелерді қамту керек. Бір-екі раундпен келісе салатын жағдай емес», - деді Смадияров.