$ 515.18  570.66  6.06
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.01.2021, 20:16
Сайлау-2021

Партиялардың үгіт-насихат жұмысының қортындысы жарияланды

«Сайлау туралы» конституция заңын бұзған 34 жағдай анықталды

Партиялардың үгіт-насихат жұмысының қортындысы жарияланды
көрнекі фото

Сайлауға қатысатын партиялардың үгіт-насихат жұмыстары 500-ге жуық республикалық және өңірлік БАҚ-ты қамтыды. Олардың ішінде 321 газет, 47 телеарна және 131 интернет ресурсы бар. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Үгіт-насихат жұмыстарына жүргізілген мониторингтің қорытындысы бойынша, БАҚ-та барлығы 22 мыңнан астам материал шыққан. Оның 8 822-сі газеттерді, 6 930-ы телеарналарды, 6 855-і Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауына арналған интернет-ресурстарды қамтыды. 

«Ақ жол» және «Ауыл» партиялары телеарналарда эфирдің 21 пайызынан астам уақытын пайдаланды. Ал қалған партиялар үшін эфир уақыты 19-20 пайызды құрады. Баспа бағытында «Nur Otan» партиясы 23 пайызбен өзгелерден басым болғаны байқалады. Өз кезегінде «Adal» және «Ауыл» партиялары басылым алаңдарының 20% пайызын, «Ақ жол» 19 пайызын, «ҚХП» 18 пайызын қамтыды», - деді Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі.

Сайлау науқаны басталғалы министрлік «Сайлау туралы» конституция заңын бұзған 34 жағдайды анықтағаны белгілі болды. Бүгінде аталған фактілер Бас прокуратураға жолданған. Қазіргі уақытта 13 адам жауапкершілікке тартылған.

«Анықталған заң бұзушылық деректерінің басым бөлігі қоғамдық пікірді сұрау кезіндегі тәртіпті бұзу, үгіт-насихат материалдарын орналастыру ережесін бұзу және қайырымдылық акцияларын өткізуге тыйым салумен байланысты болды», - деді вице-министр.

Сонымен қатар, Кемелбек Ойшыбаев Ақпарат министрлігі әлеуметтік желілердегі үгіт-насихатты ескермегендігін атап өтті.

Брифинг барысында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев 2021 жылдың 9 қаңтары «үнсіздік күні» екенін еске салды. Айта кетейік, сайлау алдындағы үгітпен байланысты кез келген іс-әрекетке тыйым салынған және ол үшін заңнамада құқықтық жауапкершілік көзделген.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары