Дауыс берушілердің 67,4% сайлауға баруға дайын – «Астана-Зерттеу» қоры
Қоғамдық қор екінші рет әлеуметтік сауалнама жүргізді
Сайлау қарсаңында «Астана» телеарнасы «Астана-Зерттеу» қоғамдық қорына өз қаражаты есебінен екінші рет әлеуметтік сауалнама жүргізуге тапсырыс берді.
2020 жылғы 25 мен 30 желтоқсан аралығында мамандар халықтың электоралды көңіл-күйін зерттеді. Қатысушылар сауалнамадағы дайын қысқа сұрақтарға жауап берді. Сауалнамаға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және еліміздің 14 облысынан 6800 респондент қатысты. Қателік коэффициенті – 2,1%.
«2021 жылғы 10 қаңтарда Мәжіліс және мәслихаттың барлық деңгейіндегі депутаттарды сайлау өтеді. Сіз бұл жөнінде білесіз бе?» - деген сауалға респонденттің 87,9% сенімді жауап берген. Сауалнама қорытындысына сәйкес ауыл тұрғындарының 90,4% сайлау өтетіні жайлы хабардар екенін жеткізген. Ал қалалықтардың үлесі – 86,2%.
Бір қызығы әйелдер қауымы сайлау жөнінде көбірек білетін болып шықты. Пайыздық үлесі – 88. Ал ер адамдар 87,7% еншіледі. Бұл көрсеткіш 46 жастан жоғары ел тұрғындарын құрайды.
«2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін сайлауда дауыс бересіз бе?» деген сұраққа сауалнамаға қатысқандардың 67,4 %-ы оң жауап берген. Дауыс беруге дайын екенін білдірген қазақстандықтардың үлесі 9,3%-ға артқан. Әуелдегідей ауыл тұрғындарының арасында электоралдық белсенділік тым жоғары. Ауылдықтардың 75,8% дауыс беруге ниетті. Ал қала көрсеткіші 61,8 пайызға тең.
«Сіз немесе Сіздің отбасы мүшелері қандай саяси партияның кандидатымен, сенімді өкілімен, насихаттаушысымен кездесті?» деген сауалға 62,9% жолыққанын білдірген. Респонденттің 80,5% «Nur Otan» партиясының өкілдерімен кездескенін атап өтті. Ал 14,2% және 11,9% - «Ақ жол» мен Қазақстан халық партиясына тиесілі. Сауалнамаға қатысқандардың 10,9% «Ауыл» партиясының мүшелерімен кездессе, респонденттердің 7,9% «Adal» өкілдерімен кездескенін атапты.
«Қай саяси партияның үгіт-насихат материалдарын көрдіңіз?» деген сұраққа респондеттердің 82,2% «Nur Otanды» нұсқаған. 16,9% және 15,4% «Ақ жол» партиясы мен Қазақстан халық партиясын атаған. 13,6% және 7,4% респондент - «Ауыл» мен «Adal» партиясының үгіт-насихат материалдарын көзі шалғандарын жеткізіпті.
«Егер сіз 2021 жылғы 10 қаңтарда сайлау учаскесіне келген болсаңыз, қай партияға дауыс берер едіңіз?» деген сұраққа 73,7% «Nur Otanды» таңдайтынын білдірген. Қатысушылардың 6,8% және 6,4% сәйкесінше «Ақ жол» мен Қазақстан халық партиясына дауыс береміз деген. Бұдан кейін 4,5% «Ауыл» партиясына тиесілі болса, соңында 3,4% «Adal» партиясына тиесілі. Әйтседе респонденттердің 5,2% әлі таңдау жасап үлгермеген.
Айта кету керек, «Астана» телеарнасының тапсырысы бойынша «Астана-Зерттеу» қоғамдық қоры екі рет әлеуметтік сауалнама жүргізді. Ал дауыс беру күні экзитпол өткізеді.