«Ақ жол» партиясы Көкшетау тұрғындарымен кездесті
Партия мүшелері сайлауалды бағдарламасын түсіндірді
«Ақ жол» партиясының үгіт-насихат тобы Көкшетау қаласында өз сайлаушыларымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Партия белсенділері мұнда өңірдегі жетекші кәсіпорындардың бірі «Фаворит моторс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, осы өндірістің жұмысшыларымен кездесті. Ақжолдықтар мұнда кәсіпорынға қарасты көлік салонының, көлік жуу цехының, аккумулятор орталығының қызметімен танысты. Өндіріс негізінен отандық өнімді саудаға шығаруды басымдыққа алып отыр. Мұнда 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жұмысшылар екі кезеңмен жұмыс істейді. Мұнда күніне кем дегенде 300 көлікке қызмет көрсетіледі. Партия мүшелері мұнда өздерінің сайлауалды бағдарламасы жөнінде түсіндірді және өндіріс жұмысшыларының проблемаларын, өтініштерін тыңдады. Пандемияның салдарына қарамастан бұл өндіріс жұмысшыларының санын қысқартқан жоқ. Бірақ қызмет көрсету аясы тарыла түскен және тапсырыстар бұрынғыдай көп емес.
Партия белсенділері шағын және орта бизнестің жағдайын жақсарту шаралары партияның бағдарламасында мұқият қарастырылғанын алға тартты. «Ақ жол» партиясы негізінен сайлауда жеңіске жетсе, елде салықтық амнистия жариялап, екінші деңгейлі банктердің пайыздық үстемесін төмендетуді көздеп отыр.
Айта кету керек, бүгін үміткерлер «Алуа-Стро» серіктестігінің жұмысшыларымен де кездесті және серіктестікке қарасты құрылыс алаңдарының бірін аралап көрді.