Алматыда Алаш арыстарына арналған ескерткіш ашылды
Шара кезінде Алаш арыстарына қатысты тың мәліметтер айтылды
Алматыда Алаш арыстарына арналған ескерткіш ашылды. Қаланың қақ төрінен биіктігі 7, ал диаметрі 4 метрге жуық монумент бой көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Салтанатты ашылу рәсіміне қоғам белсенділері, тарихшылар, жазушылар және алаш қайраткерлерінің ұрпақтары қатысты. Жиында сөз алған «Ақжол» партиясының төрағасы Азат Перуашев алаш мұрасын зерттеу және осындай бастамаларға қолдау таныту саяси ұйымның негізгі бағыты болып қала беретінін айтты. Шара кезінде Алаш арыстарына қатысты тың мәліметтер айтылып, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру керегі айтылды.
«Монументтегі үш қанат - үш жүзді, ал, оның төбесіндегі шаңырақ бір мемлекетке біріккенімізді білдіреді», - дейді ескерткіш авторы Бейсенғазы Сәдуұлы.
Шара кезінде алдағы уақытта алаш зиялыларының есімдері мектептерге, университтерге, тіпті, қалаларға берілсе деген ұсыныстар айтылды.