Түркістан облысында жол ережесін өрескел бұзған кортежді колледж студенттері ұйымдастырған
Олар енді ірі көлемде айыппұл төлеуі тиіс
Түркістан облысында жол ережесін бұза отырып, адам өміріне қауіп төндірген көлік жүргізушілері жауапқа тартылды, деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде бірнеше автокөліктен тұратын кортеждің видеосы тараған болатын. Көлік терезесінен шығып, қауіпті әрекеттер жасаған жастардың қылығын желі қолданушылары айыптаған. Полиция аталған видеоны тексере келе оның Түркістан облысы Төле би ауданында болғанын анықтады.
«Жол ережесін өрескел бұзған көлік жүргізушілерін анықтау мақсатында Төле би аудандық Полиция басқармасы шұғыл шараларды қолға алды. Нәтижесінде, ереже бұзған жастардың Шымкенттегі колледж студенттері екені анықталды. Олар Төле би ауданынан Қазығұрт ауданына қарай беттеген», - деп мәлімдеді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Mercedes-Benz автокөлігінде болған жастар Әкімшілік кодекстің 593-бабы «Жолаушыларды және жүктердi тасымалдау қағидаларын сақтамау» және 601-бабы «Жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау» бойынша жауапқа тартылды. Ал, Lada автокөлігін полицейлер айып тұрағына жапты.