«Nur Otan» ауқымды қайта жандануды жүргізіп, демократияны қолдайтынын көрсетті – Байбек
Бұл мақала – транзит жағдайында Қазақстандағы қоғамдық-саяси процестерді либералдандыру нәтижелеріне шетелдіктер тарапынан берілген алғашқы бағалардың бірі
Өткен аптада америкалық танымал сарапшы Джейн Дафф The Washington Times газетінде Қазақстандағы саяси жүйе, «Nur Otan» партиясы жариялаған праймериз туралы зерттеу мақаласын жариялаған болатын. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің айтуынша, АҚШ-тың басылымында мұндай мақаланың жариялануы – Батыстың біздің аймақтағы қоғамдық-саяси өзгерістерге деген қызығушылығын білдіреді.
Бұл туралы Б.Байбек өзінің Facebook-парақшасында жазған.
«АҚШ-тың беделді басылымдарының бестігіне кіретін газетте мұндай мақаланың жариялануы бұл елдің өңірдегі қоғамдық-саяси өзгерістерге деген айтарлықтай қызығушылығын аңғартады. «Nur Otan» партиясы ауқымды қайта жандануды жүргізіп, өз праймеризін іске қоса отырып, тұрақты түрде демократияны қолдап келе жатқанын көрсетіп отыр. Американдық сарапшы да осыны атап көрсеткен. Еліміз Тәуелсіздігін алған сәттен бастап өзін демократиялық, құқықтық, әлеуметтік мемлекет ретінде дамытып келеді. Қоғамдық-саяси қарым-қатынастарды либералдандырудың қазіргі нәтижесі – Тұңғыш Президент, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың еңбегі», - деп жазды Төрағаның Бірінші орынбасары.
Б.Байбектің пікірінше, кей «сарапшылардың» тұжырымына қарамастан, пропорционалды сайлау жүйесіне көшу партиялық жүйенің даму процесіне жол ашып, алдағы сайлауларда сапалы партиялық тізімдердің рөлін күшейтпек.
«Елбасының тапсырмасымен өткен жылғы тамызда «Nur Otan» «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» атты партияны қайта жандандыру бағдарламасын қолға алды. Партиялық кадрлық резервке пилоттық іріктеу бойынша ауқымды жұмыс атқарылды, Мәжіліс пен мәслихаттардағы депутаттық фракциялар жұмысы жандандырылып, барлық деңгейде партиялық жауапкершілік күшейтілді. Ауқымды деңгейде партияның «қатары тазартылды», көптеген партиялық комиссиялар мен бастауыш ұйымдар оңтайландырылды, «көрінім» үшін өткізілетін іс-шаралар саны қысқартылды. Партияның қоғамдық қабылдаулары, оның ішінде онлайн-ресурстары арқылы халықпен тікелей коммуникация жасаудың тиімді жүйесі жолға қойылды. Зерттеулерге сәйкес халықтың құқығын қорғау мәселесі бойынша партияға сенім соттан кейін екінші орында тұр», - деп жазды Б. Байбек.
Оның айтуынша, америкалық және өз еліміз сарапшыларының қатысушылар арасындағы жария дебаттардың маңыздылығын атап өтуі кездейсоқ емес. Әлеуетті үміткерлер арасындағы дебаттар халықты өңірлік және жалпыұлттық мәселелерді талқылауға барынша қатыстыруға мүмкіндік береді.
«Партиямыздың алдында үміткерлерді партияішілік іріктеу шарасы тұр. Бұл бүкіл ел көлемінде алғаш рет өткізілмек. Праймериздің міндеті – лайықты әрі мықты лидерлерді тарту және «Nur Otan-ның» халықтық партиялық тізімін қалыптастыру. Бұл ретте белсенді әйелдер мен жастар ауқымды деңгейде барынша қамтылмақ. Бәсекелік іріктеу үміткерлердің жеке жауапкершілігін арттырып, сайлаушылардың сеніміне ие болған, беделді лидерлерді анықтауға мүмкіндік береді. Осылайша бұл партиялық желі бойынша бірегей әлеуметтік лифтке айналмақ», - деп жазды ол.
Бауыржан Байбектің айтуынша, америкалық басылымда жарияланған бұл мақала – транзит жағдайында Қазақстандағы қоғамдық-саяси процестерді либералдандыру мен «Nur Otan» партиясын қайта жандандыру нәтижелеріне шетелдіктер тарапынан берілген алғашқы бағалардың бірі.
«Даффтың тұжырымы қоғамымыздағы конструктивті ой-пікірлермен үндес. Таяуда белгілі саясаттанушылар мен белсенділер «Nur Otan» жақтастарының Лигасын құру туралы мәлімдегені белгілі. Оның мақсаты – праймериздің ашық өтуіне ықпал ету. Біз мұндай бастамаларды құптаймыз. Пандемияға байланысты ахуал тұрақтанысымен Лига өкілдерімен кездесу жоспарланып отыр. Сол кезде олардың ұсыныстарын жан-жақты талқыламақпыз», - деп ойын түйді ол.