$ 526.02  607.55  6.5
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Негізгі мақсат – ел экономикасына жаңа инвестиция тарту»: депутат президенттің АҚШ-қа сапары туралы айтты

АҚШ тарапы Қазақстанның баламалы логистика бағыттарын қолдап отыр

«Негізгі мақсат – ел экономикасына жаңа инвестиция тарту»: депутат президенттің АҚШ-қа сапары туралы айтты
Фото: freepik.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еркін Әбіл Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америка Құрама Штаттарына сапары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, Трамптың қазіргі басты мақсаты — саяси немесе халықаралық мәселелерді шешу емес, ең алдымен АҚШ-тың экономикасын көтеру. Сондықтан ол прагматик саясаткер ретінде әрбір елмен келіссөз жүргізгенде, ең әуелі, өз елінің мүддесін ойлайды.

«Біздің де мақсатымыз – ешқандай саяси одақтарға қосылмай, әлемдік бөлінулерге араласпай, біреуге қарсы шықпай, тек экономикалық бағытқа назар аудару және екі елге де тиімді экономикалық байланыстарды нығайту. Осы тұрғыдан алғанда, менің ойымша, біздің президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Трамп бұл кездесуде өзара түсіністік тапты. Сапар аясында 17 миллиард долларға келісімшарттар жасалды. Екі күн ішінде президентіміз ірі америкалық компаниялардың басшыларымен кездесті. Олардың арасында Қазақстанмен бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан компаниялар да бар. Негізгі мақсат – ел экономикасына жаңа инвестиция тарту және өңдеу өнеркәсібін дамыту», - дейді Әбіл.

Тағы бір маңызды мәселе – АҚШ-тың Қазақстанның баламалы логистика бағыттарын қолдауы.

«Бұл біздің тауарларды Еуропаға, жалпы әлем нарығына тек Ресей немесе Қытай арқылы емес, сондай-ақ орта дәліз – Оңтүстік Кавказ, Түркия арқылы шығаруға мүмкіндік береді. Осы мәселені шешуде Америка Құрама Штаттары да қолдау көрсетеді», - дейді депутат.

Оның ойынша, Тоқаевтың осы сапары кезінде хаттамадан тыс кездесулер мен келіссөздер де болған.

«Менің ойымша, жақын арада АҚШ-пен сауда қатынасындағы кейбір шектеулерді жою мәселесі бойынша шешім қабылдануы мүмкін. Бұл ретте, кеңес заманынан қалған Джексон-Вэник заңы бойынша шектеулер бар екенін білеміз. Президентіміз АҚШ Конгрессінің өкілдерімен және саясаткерлерімен кездесті. Сондықтан олар тарапынан Қазақстанға қолдау болса, бұл шектеулер алынып тасталса, екі ел арасындағы экономикалық байланыстар кеңейе түседі», - деп санайды сарапшы.

Екі ел ерекше назар аударған тағы бір мәседе – сирек кездесетін жер материалдарын өңдеу.

«Қазақстан аумағында мұндай материалдар мол және біздің ел ол жағынан әлемдегі ең бай мемлекеттердің бірі саналады. Заманауи экономика осы материалдарға қатты тәуелді. Қазір АҚШ пен Қытай арасында осы салада бәсекелестік жүріп жатыр. Сондықтан АҚШ балама көздерді іздеп жатыр, ал Қазақстан осы тұрғыда тиімді келісімдер жасай алады. Ең бастысы – бұл материалдарды шикізат күйінде экспорттамай, өзімізде өңдеу технологиясын дамыту. Бұл – болашағы зор бағыт, сондықтан Қазақстан дәл осы саланы дамытуға күш салуы қажет», - дейді Еркін Әбіл.

Серіктес жаңалықтары