$ 526.02  607.55  6.5
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

АҚШ-тың Қазақстанға көзқарасы мен саясаты өзгеріп келеді – саясаттанушы

Қазір саясат прагматикалық әрі экономикалық сипат алып отыр, дейді ол

АҚШ-тың Қазақстанға көзқарасы мен саясаты өзгеріп келеді – саясаттанушы
Фото: Ақорда

Белгілі саясаттанушы, ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының салыстырмалы саяси зерттеулер орталығының басшысы Айдар Әміребаев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сарапшының пікірінше, Ақ үйдің Қазақстан президентін жылы қарсы алуы Американың біздің елімізге деген көзқарасы мен саясатының өзгеріп келе жатқанын байқатты.

«Шынында да, ұзақ жылдар бойы АҚШ-тың, жалпы Батыстың біздің елге көзқарасы басқаша болатын. Олар Қазақстанды посткеңестік аймақ деп санайтын, Ресейге қарайтын өңір деп қабылдайтын. Ал қазір президент Дональд Трамптың билікке екінші рет келуімен оның саясатының өзгергенін байқауға болады. Бұрын АҚШ бізді көбіне Ауғанстан сияқты тұрақтылығы әлсіз өңір деп бағаласа, қазір олардың саясаты өзгеріп келеді, прагматикалық әрі экономикалық сипат алып жатыр», - дейді Әміребаев.

Оның айтуынша, осы жолғы сапар екі ел арасындағы ынтымақтастықты нақты істермен нығайтуға бағытталған.  

«Президентіміз өткенде БҰҰ кеңесіне барған сапарында Трамп пен АҚШ-тың беделді бизнес өкілдерімен кездесіп, ынтымақтастық туралы келіссөздер жүргізген болатын. Бұл жолғы сапар – екінші шақыру, «С5+АҚШ» форматында маңызды кездесуге қатысты. АҚШ жалпы Орталық Азияны 80 миллион халқы бар, табиғи ресурстарға бай аймақ ретінде қарастырады. Бізді де өз экономикалық мүддесіне сай серіктес ретінде шақырды. Сол сияқты біз де ұлттық мүддемізді қорғап, жер қойнауындағы байлығымызды тиімді пайдаланып, қажетімізге жарату үшін бардық. Осы сапар барысында энергетика, көлік-логистика, жоғары технологиялар, цифрландыру және сирек кездесетін металдар саласында маңызды келісімдер бекітілді. Президент елімізді цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойғандықтан, АҚШ, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, ЕО сияқты дамыған елдердің тәжірибесі мен технологияларын пайдалану – біз үшін тиімді. Осы сапардың басты мақсаты да – Қазақстанның мүмкіндіктерін көрсету және нақты келісімшарттарға қол қою», - дейді саясаттанушы.

Әміребаев президенттің Вашингтонға сапары барысында аграрлық салада да маңызды серіктестік орнағанын атап өтті. Қазақстан ауыл шаруашылығы техникасы саласында әлемге танымал әрі беделді John Deere компаниясымен келісімге қол қойды.

«Бұл – ауыл шаруашылығын дамытуға, салаға заманауи технологиялар мен инвестиция тартуға бағытталған маңызды қадам. Америкада дамыған компаниямен осындай әріптестік орнату – осы сапардың басты нәтижелерінің бірі», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары