$ 545.01  642.84  6.52
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысымен кездесу өткізді

Президент БҰҰ Бас хатшысымен, Черногория Президентімен, FIFA басшысымен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысымен кездесу өткізді
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорктегі жұмыс сапары жоғары деңгейде бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті мен Бас хатшы Антониу Гутерриш БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясының күн тәртібін талқылады.

«Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ұйымға алдағы уақытта да қолдау көрсетіп, оның бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту, орнықты даму ісінде жетекші рөл атқара беруіне белсенді түрде атсалысатынын айтты», - деп жазылған хабарламада.

Кездесу аясында Мемлекет басшысының және Бас хатшының қатысуымен Алматыдағы Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығының қызметі туралы меморандумға қол қойылды.

Сондай-ақ мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы алаңында Черногория Президенті Яков Милатовичпен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз Черногорияны Балқан түбегіндегі маңызды серіктесі санайтынын атап өтті.

«Келесі жылы екі ел арасындағы дипломатиялық ынтымақтастық орнағанына 20 жыл толады. Осы жылдар ішінде мемлекеттер арасында достық пен өзара түсіністікке негізделген сындарлы қарым-қатынас қалыптасты», - деп хабарлады Ақорда.

Яков Милатович екіжақты байланыстарды дамытуға айтарлықтай үлес қосқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты. Оның айтуынша, Черногория қазақстандық туристер жиі келетін елдердің біріне айналған.  Алматы мен Подгорица арасында тікелей әуе рейсінің ашылуы, сондай-ақ Қазақстан азаматтарына визасыз режим енгізілуі қос халықты жақындата түсті.

Одан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық футбол федерациясының президенті (FIFA) Джанни Инфантиномен кездесу өткізді.

Мемлекет басшысы балалар футболын дамыту мен заманауи инфрақұрылым құруға бағытталған FIFA Arena бағдарламасын жүзеге асырып жатқаны үшін Федерацияға ризашылық білдірді. Президент Қазақстанның FIFA-мен ынтымақтаса отырып, аймақта футболды қарқынды дамытқан елге айналатынына сенім білдірді.

Джанни Инфантино Қасым-Жомарт Тоқаевқа футболға көңіл бөлгені үшін алғыс айтып, Федерацияның ұлттық футбол деңгейін көтеруге бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін растады.

Мемлекет басшысы Еуропалық Кеңес Президентімен келіссөз жүргізді.

«Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Кеңес басшысы Антониу Коштаға ілтипат білдіріп, Қазақстан Ұйыммен екіжақты негізде, сондай-ақ C5+ форматы аясында серіктестікті арттыруды берік ұстанатынын жеткізді», - деп хабарлады Ақорда.

Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Еуропа Одағы арасында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды ілгерілетуге бағытталған саяси диалогтың қарқынды дамып келе жатқаны айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Антониу Кошта халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.

 

Кездесуде өзара тиімді өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды жалғастыру жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді.

 

Серіктес жаңалықтары