$ 545.01  642.84  6.52
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Тоқаев Дональд Трамппен сөйлесті

Сондай-ақ президент бірқатар халықаралық ірі компанияның басшылығымен кездесу өткізді

Тоқаев Дональд Трамппен сөйлесті
Фото: Ақорда

Нью-Йорк қаласына сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамппен сөйлесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективті бағыттарына ерекше назар аударылды.

«Дональд Трамп экономика және сауда салаларындағы ықпалдастықты кеңейтудің маңызды екенін атап өтті. Президенттер халықаралық ахуалға қатысты өзекті мәселелерді талқылады», - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ президент бірқатар халықаралық ірі компанияның басшылығымен кездесу өткізді.

Инфрақұрылымдық жобалар қаржыландырылады

Мемлекет басшысы Cerberus Capital Management компаниясының бас атқарушы директоры Фрэнк Бруноны қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту аясындағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру ниетін құптады.

Президенттің айтуынша, компанияның стратегиясы Қазақстанның ұлттық экономиканы әртараптандыру жөніндегі басымдықтарына сай келеді. Еліміз көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға инвестиция тарта отырып, бағыттардың өткізу мүмкіндігін кеңейтуге қарқынды түрде кірісті.

«Сондай-ақ Мемлекет басшысы Вашингтонда Әзербайжан мен Армения арасындағы тарихи келісімге қол қойылуы Орта дәліздің маңызды сауда жолдарының бірі ретіндегі маңызының арта түсуіне оң әсер ететінін атап өтті. Соңғы бес жылда Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы тасымалданған жүк көлемі алты есе артты», - деп жазылған хабарламада.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы компанияның технологиялық платформа мен цифрлық экожүйені тарату саласындағы ауқымды тәжірибесін атап өтіп, Қазақстандағы цифрлық бастамаларға қатысуды ұсынды.

Chevron 55 млрд доллар инвестиция құйды

 Қазақстан Президентінің Америка Құрама Штаттарының іскер топтары өкілдерімен кездесуі Chevron корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Майкл Уиртті қабылдаумен жалғасты.

Мемлекет басшысы корпорация еліміздің экономикалық дамуына зор үлес қосқанын айтты. Тәуелсіздік жылдары Chevron Теңіз, Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарын игеруге атсалысып, Қазақстанға 55 миллиард долларға жуық инвестиция құйды. Қазір әлемдегі ең ірі энергетикалық компания өндіретін жалпы өнімінің 25 пайызы Қазақстанға тиесілі.

Кездесуде келешекте Теңіз кенішінің аясын кеңейту жобасын іске асыру мәселелеріне, Қарашығанақта газ өндіру мен қайта өңдеу перспективасына, сондай-ақ әлемдік нарыққа көмірсутегін тасымалдау ісін дамытуға, соның ішінде Орта дәліз арқылы жеткізуге баса мән берілді.

Янн Лекунның жаңашыл жетістіктері

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Meta компаниясының вице-президенті, жасанды интеллектіні зерттеу бөлімінің (FAIR) бас ғылыми жетекшісі Янн Лекун инновациялық технологияларды дамыту және қолдану жөнінде пікір алмасты.

Мемлекет басшысы нейрожелілер саласындағы Янн Лекунның жаңашыл жетістіктерін жоғары бағалап, оның жасанды интеллектіні дамытуға қосқан үлесін атап өтті. Президент Қазақстанның жаппай цифрландыруды және жасанды интеллектіні дамудың басты факторы ретінде кеңінен қолдануды қарастырып, дербес ЖИ экожүйесі мен Қазақ тілінің үлкен тілдік моделін (KazLLM) жасақтауға күш салып жатқанын жеткізді.

«Қасым-Жомарт Тоқаев Meta Platforms Inc компаниясымен Қазақстанда ЖИ технологияларын дамыту бойынша бірлескен акселерациялық бағдарламаны іске қосу жөніндегі келісімге қол қойылуын құптап, технология алыбымен өзара тиімді серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін растады», - деп хабарлады Ақорда.

Қазақ-америка серіктестігі нығайтылады

Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азиядағы арнаулы өкілі Серджио Горды қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Серджио Горды АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша арнаулы өкілі және АҚШ-тың Үндістандағы елшісі лауазымына тағайындалуымен құттықтады. Осы ретте Қазақстан Үкіметі оның миссиясына жан-жақты қолдау көрсететінін айтты.

Мемлекет басшысы қазақ-америка стратегиялық серіктестігін нақты жетістіктермен одан әрі нығайтуға бағытталған диалогты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.

Әңгімелесу барысында сауда-экономикалық ықпалдастықты дамытуға мән берілді. Мемлекет басшысы еліміз АҚШ-тың Орталық Азиядағы негізгі экономикалық серіктесі саналатынын атап өтті.

 Wabtec-пен бірқатар келісімге қол қойылды

Америкалық Wabtec компаниясымен жалпы сомасы 4,2 миллиард доллар болатын келісімге қол қою рәсімі өтті. Құжатта Қазақстанға техникалық тұрғыдан жетілдірілген 300 локомотив жеткізу және оған сервистік қызмет көрсету қарастырылған.

Көлік технологиясы бойынша әлемдегі көшбасшы компания еліміздің теміржол саласын жаңғырту ісінде негізгі серіктестеріміздің бірі саналады.

«2009 жылдан бері Астанада Wabtec Kazakhstan локомотив құрастыру зауыты табысты жұмыс істеп келеді. Осы аралықта компания өндіріске 230 миллион доллардан астам инвестиция құйды. Кәсіпорын бүгінге дейін «Қазақстан темір жолына» және экспортқа арналған 600-ден астам локомотив құрастырды. Өндірістің локализация деңгейі 45 пайызға жетті», - деп жазылған хабарламада.

Былтыр шілде айында Wabtec компаниясы елімізде инновацияларды енгізіп, кадр даярлауға үлес қосатын технологиялық және инженерлік орталығын ашты.

Серіктес жаңалықтары