Жолдауда инвестиция тарту жүйесін жаңғырту деген нақты тапсырма айтылды - депутат
Темір Қырықбаев Президент Жолдауы еліміздің даму бағытын айқындағанын атап өтті

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Темір Қырықбаев Мемлекет басшысының халыққа Жолдауындағы цифрлы мемлекетке айналу және инвестиция тарту жүйесін түбегейлі жаңғырту мәселесіне байланысты айтқан ұсыныстарына қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялаған Жолдауы еліміздің даму бағытын айқындайтын маңызды құжат болды. Мемлекет басшысы Қазақстанның әлемдік қауымдастықтың ажырамас бөлігі екенін атап өтіп, заманауи сын-қатерлерге бейімделудің қажеттігін жеткізді.
«Президент тапсырмасына сәйкес, елде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылмақ. Жаңа ведомствоны Үкімет басшысының орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы тиіс. Сонымен қатар, Үкімет пен Мәжіліске Цифрлық кодексті жедел қабылдау тапсырылды. Бұл құжатта жасанды интеллект, платформалық экономика, Big Data қолдану және цифрландырудың өзге де негізгі бағыттары қамтылады. Президенттің айтуынша, Қазақстан үш жыл ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналуы қажет. Жолдауда сондай-ақ инвестиция тарту жүйесін түбегейлі жаңғырту мәселесі көтерілді. Үкіметке нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу тапсырылып, Премьер-Министрге бұл бағыттағы жұмыстарды 10 күн ішінде қолға алу жүктелді», - деді депутат.
Депутат айтқандай, Мемлекет басшысы салықтан түскен әр теңге халықтың игілігіне жұмсалуға тиіс екенін, бұл – азаматтарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсетіліп, инфрақұрылым салынып, мемлекеттік қолдау шаралары жалғасын табу керектігіне баса назар аударды.