БҰҰ Бас хатшысының Алматыға сапары: Қазақстанның бейбітшілік жолындағы үлесі
Сарапшы Темірлан Әбуғали бұл сапарды маңызды деп санайды

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриштің Алматыға жасаған сапары – Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін айқындай түскен маңызды оқиға болды. Бұл сапар аясында Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Тұрақты даму жөніндегі өңірлік орталықтың ашылуы туралы хост-келісімге қол қойылды. Сарапшылар бұл бастаманы жаһандық тұрақтылық пен даму жолындағы нақты қадам ретінде бағалап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Темірлан Әбуғалидің «Адырна» сайтына берген сұхбатына сүйенсек, Гутерриш мырзаның сапары – Қазақстанның БҰҰ-ның құндылықтарына адал, сындарлы әріптес ретіндегі рөлін мойындау.
«Қазақстан 32 жыл ішінде ядролық қарусызданудан бастап, терроризмге қарсы күреске дейінгі бастамалар арқылы бейбіт диалог пен тұрақты дамуды алға тартып келеді», – дейді сарапшы.
Алматыда ашылған жаңа өңірлік хабтың міндеті – өңірлік ынтымақтастықты нығайту, су ресурстары, көші-қон, қауіпсіздік секілді өзекті мәселелер бойынша диалог орнату. Сонымен қатар, ол аймақтағы жасыл экономика, инвестиция, цифрлық даму және гендерлік теңдік бағыттарында нақты жобаларды жүзеге асыруға сеп болмақ.
Сарапшы Ауғанстандағы күрделі жағдайға да назар аударады. Халықаралық оқшаулау мен гуманитарлық дағдарыс жағдайында бұл орталық бейтарап алаң ретінде Ауғанстанды өңірлік процестерге тартуға мүмкіндік береді.
Сапар аясында Гутерриш Қазақстанды «бейбітшілік пен диалог символы» деп атады. Бұл баға еліміздің ядролық қарусызданудағы тарихи шешімімен, Астанадағы Сирия келіссөздері мен Иран ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздерге арена ұсынуымен тығыз байланысты. Қазақстан әлемдік державалармен теңгерімді қатынас орнатып, өңірлік тұрақтылықты сақтауға белсенді үлес қосып келеді.
UN80 бастамасы аясында Қазақстан БҰҰ реформасына қолдау білдіріп, ұйымның өңірлік тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқарып отыр. Алматыдағы жаңа орталық – осы реформаның нақты көрінісі.