$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.06.2020, 18:02
Саясат

Мемлекеттік құпияны жария еткені үшін сотталған Майлыбаев мерзімінен бұрын босап шықты

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады

Мемлекеттік құпияны жария еткені үшін сотталған Майлыбаев мерзімінен бұрын босап шықты
фото: wikipedia.org

Нұр-Сұлтан қалалық соты Президент Әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаевтың мерзімінен бұрын босап шыққанын растады.

«Сотталған Б. Майлыбаев жазасының өтелмеген бөлігі бойынша мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтініш білдірді. Сот өтінішті қарай отырып, оның заңмен белгіленген жазасын, мекеме әкімшілігінің оң мінездемесін, ішкі тәртіп ережелерін сақтауын, ескерту алмағанын, 9 бірдей көтермелеуге ие болғанын, өзін-өзі ұстаудың үшінші оң деңгейін, жұмысқа тұру мүмкіндігінің барын, іс бойынша басқа арыздың жоқтығын назарға алды. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр аудандық №2 соты 2020 жылдың 14 мамырында Б.Майлыбаевтың мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырды. Ол аяқталмаған 1 жыл 4 ай 21 тәуліктік мерзімінде пробациялық бақылауда болады», - деп хабарлады.

Сонымен қатар сот Б.Майлыбаевқа ішкі істер органдарына келіп есеп беріп тұруды, тұрғылықты жерінен кетпеуді және ауыстырмауды, жұмыстан тыс уақытта ішкі істер органдары рұқсат етпейтін орындарға бармауды, ҚР аумағынан тыс жерге бармауды міндеттеді.

2019 жылдың 15 қазанынада Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі Президент Әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаевтың шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш жасағанын, алайда, сот алқасы оның өтінішін қараудан бас тартқанын хабарлаған еді.

Естеріңізде болса, 2017 жылдың 16 қаңтарында Қазақстан ҰҚК баспасөз қызметі ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаев сот шешімімен қамауға алынды деген хабарлама таратты.

«2017 жылғы 12 қаңтарда Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 185-бабы 1, 3-бөлігінде көзделген («Мемлекеттiк құпияларды заңсыз жинау, тарату, жария ету») қылмыстарды жасады деген күдікпен ҚР Президенті Әкімшілігінің қызметкерлері болған Б. Майлыбаев және Н. Галихин ұсталды», - делінген хабарламада.

2017 жылдың маусымында Астана қаласы Есіл аудандық 2-сотында Қазақстан Президенті әкімшілігінің  бұрынғы екі шенеунігі Бағлан Майлыбаев пен Николай Галихиннің ісі қаралып, оларға қатысты үкім жарияланды. Сот үкімімен Б.Майлыбаев Қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлімінде («топ құрамында қызмет өкілеттігін асыра пайдалану») және 185-бабының 3-бөліміндегі («мемлекеттік құпияны заңсыз жинау, тарату, жариялау арқылы үлкен зиян келтіру немесе өзге де ауыр зардаптарға соқтыру») баптар бойынша кінәлі деп танылды және оған мүлкі тәркілене отырып, мемлекеттік органдарда лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Николай Галихин ҚР ҚК-нің 185-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік органдарда лауазымды атқару құқығынан 3 жылға айырып, 4 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Серіктес жаңалықтары