79-ға толды: Тоқаев Трампты туған күнімен құттықтады
Ол екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға мүдделі екенін жеткізді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың 79 жасқа толуына орай құттықтау жеделхатын жолдады. Ол екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға мүдделі екенін жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Тоқаевтан АҚШ көшбасшысына құттықтау
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трампты туған күнімен құттықтап, ресми жеделхат жолдады.
«Президент Тоқаев АҚШ басшысының жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған белсенді және прагматикалық қызметін жоғары бағалайтынын атап өтті», – делінген хабарламада.
Қазақстан мен АҚШ – стратегиялық әріптестер
Жеделхатта Қасым-Жомарт Тоқаев Америка басшысына Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті нығайтуға бейілділігі үшін ризашылығын білдіріп, тараптар арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін нақтылаған.
«Біз Қазақстан мен АҚШ арасындағы берік байланыстарды сақтап қалуға және кеңейтуге мүдделіміз»,– делінген Тоқаев жолдаған жеделхатта.
Дональд Трамп 79 жасқа толды
2025 жылғы 14 маусымда Дональд Трамп 79 жасқа толып отыр. Осыған орай Қазақстан Президенті оған мықты денсаулық, жауапты мемлекеттік қызметте табыс, жеке өмірде бақ-береке тіледі.