$ 511.92  588.91  6.44
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Африка елдерінің басшылары Қазақстанға неліктен жиі келіп жатыр

Африкадан Қазақстанға кофе, какао бұршақтары, жеміс және тағы басқа өнімдер әкелінеді

Африка елдерінің басшылары Қазақстанға неліктен жиі келіп жатыр
Фото: Ақорда

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров соңғы жылдары Африка елдерінің басшылары Қазақстанға неліктен жиі келіп жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Руандадан бериллий жеткізіледі

Оның айтуынша, Африка құрлығы сыртқы саясатымыздың басым бағыттарының бірі болып отыр. Африка елдерімен байланысты дамыту – президенттің көпвекторлы сыртқы саясат доктринасы аясында құрлық елдерімен ынтымақтастықты күшейту туралы тапсырмасын жүзеге асыру.

«Арнайы тоқталғым келетіні – Руанда президенті Поль Кагаменің ресми сапары, ол Астана халықаралық форумына тұспа-тұс өтті. Сапар барысында мемлекет басшылары деңгейінде келіссөздер жүргізіліп, сауда, IT, қаржы және білім беру салаларын қамтитын бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылды. Руандадан Қазақстанға бериллий рудасын жеткізу туралы келісімді ерекше атап өткім келеді, бұл руда атом және ғарыш өнеркәсібінде пайдаланылады», - деді СІМ ресми өкілі.

Смадияров соңғы екі жылда Того, Конго Республикасы және Гвинея-Бисау президенттері ресми сапармен Қазақстанға келгенін, сондай-ақ Сьерра-Леоне, Бенин және Руанданың сыртқы істер министрлері келіп кеткенін еске салды. 2025 жылдың ақпан айында ҚР сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Африка елдеріне алғашқы ресми сапарын жасап, Марокко Корольдігіне барып қайтты. Сонымен қатар, Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров жуырда Нигерияға барып, қазақ бизнес делегациясымен бірге сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту жөнінде бірқатар келіссөз жүргізген.

Буркина-Фасо СІМ басшысы келеді

«Жақында Буркина-Фасоның сыртқы істер министрін қабылдауды жоспарлап отырмыз. Әрбір осындай сапар экспортқа бағытталған кәсіпорындарға баруды және ынтымақтастыққа қызығушылық танытқан қазақ бизнесмендерімен кездесуді қамтитын тығыз бағдарламамен өтеді. IT және электрондық үкімет саласындағы өзара іс-қимыл әсіресе жемісті болды. Мемлекеттік қызметтердің цифрлануы, смарт шешімдер және инфрақұрылымды дамыту бойынша тәжірибе алмасудамыз. Біздің жобаларымыз көптеген африкалық елдер үшін практикалық мәнге ие», - дейді ол.

Смадияровтың айтуынша, ресми сапарлар жиі өзара бизнес байланыстардың қозғаушы күші болады, мысалы, осы жылдың басында Нигериямен болған жағдай сияқты.

«Қазіргі уақытта Астанада Нигериядан король Ифе басқаратын іскерлік делегация жүр. Ол батыс Африканың ең ірі этностарының бірі — йоруба халқының дәстүрлі көшбасшысы. Өткен аптада король Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен кездесті, ал бүгін оның Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектеновпен кездесуі өтті. Мұндай қарым-қатынастардың жандануы дипломатиялық өкілдіктеріміздің кеңеюімен тікелей байланысты екенін атап өткім келеді», - деді СІМ ресми өкілі.

Қазақстанның Африкадағы елшіліктері көбейіп жатыр

2012 жылы Африка құрлығында Мысырда ғана Қазақстан елшілі болған. Қазіргі кезде олардың саны алтыға жетіп отыр: Мысыр (1993), Оңтүстік Африка Республикасы (2013), Эфиопия (2015), Марокко (2021), Алжир (2024) және Кения (2025).

Сауда тарихындағы рекорд

«Дипломатиялық миссияларды ашу нақты экономикалық нәтиже берді: егер 2012 жылы Қазақстанның Африка елдерімен тауар айналымы шамамен 100 млн АҚШ долларын құраса, 2022 жылы ол алғаш рет 1 млрд доллардан асты, бұл қазақ-африкалық сауда тарихындағы рекорд (2024 жылы – 783 млн доллар)», - деп жалғастырды Смадияров.

Қазақстан дипломатиялық миссиялары жоқ елдерде құрметті консулдар институтын белсенді дамытпақ. Бұл – жергілікті бизнестің беделді өкілдері, олар қоғамдық негізде өз елдері мен Қазақстан арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейтеді.

Қазақстан Африкадан не сатып алады

СІМ ақпаратынша, қазір Қазақстан Африкаға күкірт, мұнай коксы, металл өнімдері, ауыл шаруашылығы өнімдері мен минералды тыңайтқыштарды экспорттайды. Мысалы, биыл мамырдың басында 15 жылдан кейін алғаш рет қазақ дәнді дақылдарының партиясы Мароккоға жіберілген, бұл экспорт бағытын әртараптандыруда маңызды қадам болды, дейді Смадияров.

Сонымен қатар, дәнді дақылдарды Мысыр, Нигерия, Сенегал, Кот-д’Ивуар және басқа да құрлық елдеріне жеткізуді кеңейту мәселелері қарастырылып жатыр.

Ал Африкадан Қазақстанға жеміс-жидек, кофе, какао бұршақтары, шай, сондай-ақ фармацевтика өнімдері, текстиль, косметика және электротехника тасымалданады.

Смадияров елдер арасында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та дамып жатқанын атап өтті.

Африка елдерімен саяси ынтымақтастық маңызды

2013 жылдан бастап Қазақстан Африка одағының бақылаушы статусын алған және БҰҰ, ИЫҰ және басқа халықаралық ұйымдар аясында оның мүшелерімен қарым-қатынасты нығайтуда.

«Африка – БҰҰ-ға мүше 193 елдің ішінде 54 мемлекетті құрайды, яғни Бас Ассамблеяда дауыс беретін елдердің төрттен бірінен асады. Африка елдері соңғы кезде жиі бірлесе үн қосып, халықаралық ірі мәселелерге ықпал етіп келеді. Осындай жағдайда Қазақстан орта держава ретінде тек өңірлік өзара әрекеттестікпен шектелмей, Африканы тең құқылы серіктес ретінде қарастырады. Бізді тұрақты даму мен әділ жаһандық тәртіпке деген ортақ мүдде біріктіреді», - деді Смадияров.

Оның айтуынша, барлық осы бағыт бойынша жүйелі жұмыс үшін СІМ 2025-2030 жылдарға арналған Африка елдері мен Африка одағымен ынтымақтастықты дамыту тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Онда саяси, экономикалық, гуманитарлық байланыстар, білім беру, цифрлық және экологиялық жобаларға ерекше назар аударылады.

Серіктес жаңалықтары