Польша ЕО мен Украинаға қырын қарайтын Кароль Навроцкийді президент сайлады
Сарапшылар саяси шиеленіс күшейеді деп болжап отыр

Консерватор және еуроскептик Кароль Навроцкий Польша президентін сайлаудың екінші кезеңінде билік коалициясынан түскен либерал кандидат Рафал Тшасковскийден басым түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ВВС-ге сілтеме жасап.
Мемлекеттік сайлау комиссиясының жариялаған нәтижесі бойынша, Навроцкий 50,89% дауыс жинаған, ал Тшасковский 49,11% дауыс жинады. Сайлауға 21 миллион адам қатысты.
«Мен Польшаны заңсыз келген шетелдіктерден қорғағым келеді. Елде тыныш, қауіпсіз, қалыпты өмір болуы керек. Осындай ойда жүрген барлық патриоттардың басын біріктіремін», - деді Кароль Навроцкий жексенбі күні өткен дауыс беруден кейін.
Саяси сарапшылардың пікірінше, Навроцкийдің жеңісі Польша мен Еуроодақ және Украина арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуіне алып келеді.
Сайлаудың алғашқы туры 18 мамырда өтті. Онда екінші турға Тшасковский мен Навроцкийдің өтетіні алдын ала белгілі болған. Алдын ала сауалнамалар Тшасковскийдің едәуір басым түсетінін болжаған еді.
25 мамырда Тшасковский мен Навроцкий Варшава орталығында жаппай митингтер өткізді. Тшасковскийдің жақтастары көбірек жиналды, бірақ Навроцкий командасы да осал емес екенін көрсетті. Сайлаудың екі туры барысында елде үлкен жанжал болды. Onet басылымы Навроцкийдің жастық шағында Сопоттағы сәнді қонақүйде күзетші болып жұмыс істеген уақытта клиенттерге жезөкшелердің қызметін ұйымдастырып бергенін жазды. Бұған жауап берген Навроцкий «ешқандай саяси қастандық оның жеңісін тартып ала алмайтынын» айтып, ақпаратты Тшасковскийдің медиа көмекшілері таратып отырғаны меңзеді.
Сайлау алдындағы үгіт-насихаттың соңғы күні екі кандидат та өздерінің негізгі электоралдық аймақтарында болды. Кароль Навроцкий сол күнгі күн тәртібін Польша оңтүстік-шығысындағы Домостава ауылында Волынь қырғыны құрбандарына арналған ескерткіш жанындағы митингтен бастаса, Рафал Тшасковский сол күні өзінің қарсыласының туған қаласы Гданьскіде үлкен митинг өткізді.