Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағзым етті
Мемлекет басшысы ескерткішке гүл шоғын қойды

Бүгін, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған орай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана іргесіндегі «АЛЖИР» мемориалды кешеніне барып, құрбандар рухына тағзым етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы гүл шоғын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды. Іс-шара аясында Президент қоғам алдында сөз сөйледі.
«Халқымыз зұлмат жылдары ауыр азапты бастан кешті»
Мемлекет басшысы өз сөзінде ХХ ғасырдың қасіретті беттерін еске алып, саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықтың ел тарихындағы орнына тоқталды.
«Біз жыл сайын 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Зұлмат заманда қаза болған жандардың рухына тағзым етеміз»,– деді Президент.
Оның айтуынша, күшпен ұжымдастыру кезінде халық мал-мүлкінен айырылды, аштықтан миллионға жуық адам қаза тапты, мыңдаған отбасы шетелге бас сауғалап кетуге мәжбүр болды, сталиндік репрессия кезінде ұлт зиялылары қудаланды, атылды
Қазақ ұлты ең асыл перзенттерінен айырылды
Президент өз сөзінде сталиндік жазалау науқандары кезінде жазықсыз жапа шеккен қазақ зиялыларын ерекше атады.
«Ұлтымыз аз ғана уақыт ішінде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров сияқты мыңдаған асыл перзентінен айырылды», – деді Мемлекет басшысы.
31 мамыр қандай күн?
Қазақстанда 1997 жылдан бастап 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленген. Бұл күн Кеңес дәуіріндегі тоталитарлық саясаттың салдарын еске салып, миллионға жуық адамның өмірін жалмаған ашаршылықты, жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт зиялыларын, Қазақстанға жер аударылған басқа ұлт өкілдерін еске алуға арналған.