БҰҰ бас хатшысы әйел болғанына дайынбыз деп ойлаймын – Солтүстік Македония президенті
Бізге дана басқарушы әйел қажет дейді ол

Астана халықаралық форумының мінберінен сөз сөйлеген Солтүстік Македония президенті Гордана Силяновска-Давкова Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысы лауазымына әйел адамды тағайындауды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Құрылғанына сексен жыл өткеннен кейін біз БҰҰ бас хатшысы әйел болғанына дайынбыз деп ойлаймын. Ер адамдар басқаратын әлемде бізге дана әйел басқарушы қажет», - деді Гордана Силяновска-Давкова.
Форум қатысушылары президент ханымның бұл ұсынысын жылы қабылдап, қол соғып, қошемет көрсетті.
Солтүстік Македония басшысы сөзін аяқтаған соң, форум модераторы одан «БҰҰ-ның феминизациялануы деген нені білдіреді?» деп сұрады.
«Феминизация дегеніміз – ізгілендіру. Ол дегеніміз осындай мәселелердің бәрін қарастыруға, сонымен бірге теңгерімді көрсетуге мүмкіндік береді, біз бірлесе отырып жұмыс істеу арқылы осылайша күштірек бола түсеміз. Джеймс Браунның өлеңінде де бұл әлем – ер адамдардың әлемі деп айтылады ғой. Өкінішке қарай, бұл ерлердің әлемі және мұнда Марстың, яғни Арестің көңіл күйі белең алуда. Сондықтан бұл жерде Венераның да, Афродитаның да көңіл күйі болғанын қалаймыз және біз осыған толықтай лайықтымыз. Жаһандық сахнада бірлесе отырып әлемді жақсы жаққа өзгерте аламыз. Мен бұл сұраққа осылайша теңеулерді келтіріп жауап бергім келеді. Сексен жылдан кейін қандай жағдай болады, мүмкін әйелдер күшті позицияда, күшті лауазымдарда болатын шығар», - дейді Солтүстік Макендония президент.
Айта кетері, елордада Астана халықаралық форумы басталды. Бүгінгі басқосуға мәртебелі меймандар, атап айтқанда, Руанда президенті Поль Кагамеге және Солтүстік Македония президенті Гордана Силяновска-Давкова, Еуропа Кеңесінің бас хатшысы Ален Берсе, БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун, Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің жетекшілері және тағы басқалары қатысып жатыр.