Тоқаев Бас прокуратура, ІІМ, ҰҚК басшыларымен кеңес өткізді
Құқық қорғау органдарының басшылары Президентке есеп берді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының басшыларымен кеңес өткізді. Жиынға Бас прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Қауіпсіздік кеңесі аппаратының басшылары қатысты.
Ақорда сайтының хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаевқа құқық қорғау ведомстволарының жұмысы, заңнамалардың сақталуын қадағалау туралы есеп берілді.
«Мемлекет басшысы заңдылықты күшейту, елімізде тұрақтылық пен құқықтық тәртіпті сақтау бағытында құқық қорғау органдарының жауапкершілігі жоғары екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың құқығы мен мүддесін қорғап, созылып бара жатқан коронавирус пандемиясы кезінде олардың денсаулығын сақтау үшін жағдай жасаудағы күштік құрылымдардың рөліне тоқталды», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар жүргізіліп жатқан саяси реформалар барысында заңнама нормаларының реформалануы жөнінде жұртшылыққа егжей-тегжейлі түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру қажеттігіне ерекше назар аударылды.