Қырғызстан ЕАЭО талаптарын өрескел бұзып отыр – Мемлекеттік кірістер комитеті
ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті Қырғызстан тарапынан жасалып жатқан жалған транзит фактілерін тізіп шықты
Қазақстанның Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті шекара арқылы тауарларды өткізу процесін тексеріп, Қырғызстан тарапынан жасалған көптеген заңсыздықтарды анықтаған. Комитет мәліметінше, көрші тарап жалпы экспорт құнын 10 есе төмен етіп көрсетіп отыр.
«Қырғызстанның цифрлары 10 есе төмен. Олардың ақпараты бойынша 2019 жылдың 9 айында Қазақстанға экспорт 18 миллиард теңгені, ал біздің деректер бойынша 186 миллиард теңгені құрады. Құнды төмендету және жалған транзит фактілерін ескерсек, сәйкеспейтін цифрлар одан да көп», - делінген ведомство хатында.
Арнайы мониторинг барысында Қырғызстан өкілдерінің шекарадан зат өткізерде 11 472 рет заң бұзуға әрекеттенгені белгілі болған.
«Экспорттық бақылау бойынша: алып қойылатын тауарлар тізіміндегі заттардың алып шығудың 389 әрекеті (133 млн теңге сомасына әкімшілік айыппұл салынды), тыйым салынған және шектеу қойылған тауарларды әкетудің 2 302 әрекеті анықталды. Ол - мұнай өнімдері, медициналық маскалар, медициналық қолғаптар, түсті және қара металл сынықтары, ағаш материалдары, картоп, ұн және т.б. заттар. Сонымен бірге, 181 рет экспорттық бақылау нормалары сақталмаған. Химикаттар, жарылғыш заттар, рентген аппараттары, әскери үлгідегі қаруға арналған патрондар, сондай-ақ табиғи уранды заңсыз әкетуге әрекет жасалды. Әкелінетін тауарлар бойынша ілеспе құжаттарды ресімдеудің 2,6 мың фактісі, жалған транзиттің 6 мың фактісі тіркелді. Бұл Қырғыз Республикасынан транзит ретінде мәлімделген барлық тауарлар ағынының 20%-ын құрайды», - деп хабарлады комитет.
Аталған жағдайларды әшкерелеу арқылы көрші ел кәсіпкерлерінен қосымша 2,1 млрд теңге салық өндірілген. Шекарадан көлік өткізу кезінде де заңсыздықтар көп. 2019 жылғы қаңтар мен 2020 жылғы маусым аралығында Қырғызстаннан Қазақстан мен Ресейге 79 163 автокөлік құралы тасымалданған. Олардың 1547-ін тексерген кезде 1505-інен заңбұзушылықтар анықталған.
«Жиі кездесетін заңсыздықтар – Қырғызстаннан әкелінетін тауарлардың тауар-көлік жүкқұжаттарында көрсетілген атауларымен сәйкес келмеуі. Бұдан басқа, ҚХР-да шығарылған тауар-көлік жүкқұжаттарында көрсетілген тауарлардың бағасы біздің еліміздегі ұқсас тауарлардың бағасынан әлдеқайда төмен. Жекелеген жағдайларда 400 есеге дейін. Бұл Қазақстан Республикасының және әріптес елдердің бюджетіне ҚҚС толық түспеуіне әкеліп соқтырады», - дейді комитет.
Тағы бір қызық жағдай, 2019 жылы «Алекс Транс» ЖШҚ Қазақстан арқылы Ресейге киім апармақшы болған кезде болған. Халықаралық тасымалдаудың көлік құжатында кәсіпкер 2,2 млн сомға 19,8 тонна тауар алып өтетінін көрсетіп, аз салық төлеу үшін арзан баға жазған.
«Қазақстанның кедендік құнының индикаторларымен салыстырғанда әйелдерге арналған джинсы бағасы 400 есе ($16-дан $0,04-ке), футболкалар 150 есе ($12-ден $0,08-ға), ал қой терісінен жасалған пальто 400 есе ($40-тан $0,1-ға), ерлерге арналған джинсы 15 есе ($17-ге $1,1), әйелдер мен ерлерге арналған аяқ киім 80 есе ($16-ға $0,2) төмен етіп көрсетілген. Оған қоса, сол кәсіпкер жалған транзитке 51 мәрте жол берген. Яғни, тауарлар Ресейге жетпей Қазақстан аумағында қалды және ол бойынша салық төленбеді. Тек осы сыртқы экономикалық қызметке қатысушыдан келтірілген залал 700 миллион теңгеге немесе 1,7 миллион АҚШ долларына бағаланады», - дейді ведомство.
Қазақстан тарапы Қырғызстан ЕАЭО туралы шарттың талаптарын сақтамай отырғандықтан, бірнеше кездесу өткізіп, өзара іс-қимыл бойынша ұсыныстар жолдаған екен. Алайда, проблеманы шешудегі Қазақстанның сұрауларын көрші мемлекет жауапсыз қалдырып отырған көрінеді.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан