Праймериз: басқа елдер тәжірибесі, Қазақстан қай жолды таңдады?
17 тамыз бен 3 қазан аралығында «Nur Otan» партиясы праймериз өткізеді
«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жер-жерде праймериз өткізу туралы қаулыға қол қойылғанын хабарлаған болатын. Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев партия ішіндегі ең белсенді мамандарды іріктеуді биыл 17 тамыз бен 3 қазан аралығында өткізу туралы құжатты бекіткен. Елбасы бұған дейін партияның ішіндегі алдын ала сайлау саяси ұйым атынан мәселелерді шешетін ең белсенді және сенімді мүшелерді анықтауға мүмкіндік береді деген болатын. Праймериз арқылы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат сайлауларына баратын кандидаттарды ертерек анықтауға болады. Осы күнге дейін сынақ түрінде өткен іріктеуден партияның кадрлық резервіне 20 мың адам қосылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
ПАРТИЯДАҒЫ КАДР РЕЗЕРВІНДЕ КІМДЕР БАСЫМ
Пилоттық жоба бойынша партияның қазіргі кадрлық резервінде тұрған мамандар 2019 жылы 23 қазан мен 21 қараша аралығында өткен праймеризде таңдалған. Ол елдің 14 қаласымен жүздеген аудан орталықтарын қамтыған. Сынақ түріндегі жоба партияластар арасында қолдау тауып, қызығушылықты арттырған
Праймериз қарсаңында партия мүшелері арасында үгіт-насихат жұмыстары күшейтіліп, кандидаттар арасында дебаттар ұйымдастырылады. Осы жазда өтетін праймеризге қатысатын үміткерлер арасында париялық тізімде әйелдер 30%-дан, ал жастар 20%-дан кем болмауы керек. Ал аймақтардағы Мәслихатқа сайлауға түсетіндердің 70%-ы праймериз арқылы іріктелген соң ғана, саяси тартысқа жіберіледі.
Оқи отырыңыз: Биыл тамыз-қазан айларында партияішілік праймериз өтеді – Бауыржан Байбек
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ
Партияның Саяси Кеңесі осыған дейін праймериз өткізудің халықаралық тәжірибесін тыңғылықты зерделеген соң, партия ішінде іріктеу өткізудің ережелерін бекіткен. «Праймериз» (primaries, primary election) термині ағылшын тілінен аударғанда «бастапқы», «бастауыш» немесе «алдын ала» деген мағынаны білдіреді. Праймериз кезінде ел ішінде беделі басым, халыққа сөзі өтімді, партияның жұмысын іштей білетін білікті мамандар анықталады. Батыс қоғамында белгілі бір сайлауға түсетін кандидатты өз арасында таңдау үшін осы әдіс қолданылады. Тіпті АҚШ демократиялық және республикалық күштердің тартысы басталмас бұрын өз араларында праймериз өткізуге үлкен мән береді. Партияішілік талас-тартыс кейде негізгі сайлаудан да қызық өтеді.
Тарихта алғашқы праймеризді саясаткерлер XIX ғасырдың ортасында Еуропа, Азияның кейбір елдері және Латын Америкасында кеңінен пайдаланған. Германияның христиан-демократиялық одағы, Ұлыбританияның саяси күштері, Мексиканың революциялық партиясы, Канада либералдық партиясы бұл институтты сайлау қарсаңында жиі қолданады. Әсіресе, АҚШ пен Канаданың негізгі сайлаулары ішкі талас-тартыстан соң ғана ұйымдастырылады.
Праймериз өткізудің құқықтық салмағы Аргентина, Уругвай елдерінде басым. Билік тұтқасын ұстағысы келетін тұлға кандидат болмас бұрын праймериз арқылы сынақтан өтуі міндетті. АҚШ, Германия, Түркия сияқта мемлекеттер алдын ала сайлауды Ата заң аясында реттеген. Ресей, Еуропаның бірқатар елдері мен Оңтүстік Корея жекелеген партияның қалауы бойынша праймеризге ара-тұра жүгінеді.
АЛДЫН АЛА ДАУЫС БЕРУДІҢ ТӘРТІБІ
Бастауыш ұйымдардың жұмысын жандандырып, партиялық қайта жүктеу бағдарламасын жүзеге асыру үшін халықаралық тәжірибелерді ескеру керек. Партияның өз ішінде дауыс беру тәртібі қандай болуы шарт? АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Испания және Италия сияқты өркениетті елдердің саяси өмірінде үміткердің тағдыры жасырын дауыспен шешіледі. Астыртын дауыс беру тәсілі сайлаушылардың құқық еркіндігін сыйлау болып табылады.
Мысалы, Ұлыбританияда праймериз ашық және жабық дауыс беру тәсілімен өткізіліп, сайлаушыға таңдау еркіндігі жасалған. Ал Лейборалистік партия өкілдері тиісті қаржысын төлесе, алдын ала сайлауға үміткер бола алады. Бұл шаралар саяси ұйымның жеке қаржысына өткізіледі. Ал Оңтүстік Кореяда сайлаушылар алдын ала тіркелген жағдайда ғана дауыс беру құқығына ие болады.
Жанама дауыс беру тәсілі дауыс берушілер құқығын жартылай шектейді. Англияның Консервативтік партия өкілдерінің барлығы дауыс бере алмайды. Партияның ең беделді мүшелерінің арасында ғана өткізіліп, үлкен сайлауға баратын тұлғаны өзара анықтап алатын үрдіс те кездеседі. Ал Германияда партияның әдеттегідей жиналыстарында делегаттар праймериз, яғни алдын ала сайлау өткізе беруге құқылы.
Дауыс беру тәсілдері сайлау учаскелерінде, қысқа телефон хабарламалары немесе қоңырау соғу арқылы берсе болады. Бұл Оңтүстік Кореяда жиі қолданылады. Ал Ресейде онлайн режимінде арнайы сайт арқылы дауыс беруге мүмкіндіктер жасалған. «Нұр Отан» партиясының өкілдері Қазақстанда өтетін алдағы праймеризде қазіргі трендтерді ескеріп, дәстүрлі дауыс берумен қатар онлайн түрінде өткізуге де жағдай жасамақ.
ПАРТИЯ ІШІНДЕГІ БӘСЕКЕЛЕСТІК ҮШІН КІМНІҢ ТӘЖІРИБЕСІ МАҢЫЗДЫ
Еуропа елдерінің тәжірибесінде Ұлыбританияның тәсілін пайдалану маңызды. Праймериздің аралас жүйесін қолданатын Консервативтік партия мен Лейбористік партияның тәжірибелерінен алатын тетіктер мол.
Ал Германия мен Ирланияда саяси күштер праймериздің жабық формасын таңдау арқылы, өз араларындағы көшбасшыларды анықтайды.
Америка Құрама Штаттарының негізгі екі саяси ұйымы да ағылшындар сияқты, праймериздің аралас түрін қолданады. Кандидаттар бұл елде партия ішіндегі праймеризде бақ сынау үшін анкета, өтініш толтырған соң, 300-500 АҚШ доллары көлемінде жарна төлеуі міндетті.
Түркияда «Саяси партиялар туралы» заңның аясында праймериз арқылы үміткерлерді таңдауға шектеу қойылмайды деп жазылған. Алайда бұл елде саяси партиялар бұл мәселені партия ішіндегі саяси кеңесте шешеді. Қазақстанның таңдап отырған моделі осы үрдіске анағұрлым жақын.
Ресей Федерациясында праймериз үшін кандидаттарды ұсыну төменнен емес, жоғарыдан басталады. Партияны басқарушылар арасынан кандидаттар таңдалып, соның көп дауыс жинауына мүмкіндік беріледі. Партия төрағасы, Единая Россия Кеңесінің бюросы, Федералдық немесе аймақтық үйлестіру кеңесінің өкілдері сияқты саяси тұлғалар арасынан тізім жасалады. Ресейдің бас партиясы алғашқы праймеризді 2011 жылы өткізген. Бірақ бұл елде саяси партиялар мен сайлау туралы заңдардың белгілі бір партияның ықпалымен жазылатынын ескерсек, бұл салада тиісті реформалар өз жемісін беріп отырған жоқ деп айтуға болады.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы