Биыл тамыз-қазан айларында партияішілік праймериз өтеді – Бауыржан Байбек

Елбасы 17 тамыздан 3 қазанға дейінгі аралықта партияішілік таңдау – праймериз өткізу туралы қаулыға қол қойды

Биыл тамыз-қазан айларында партияішілік праймериз өтеді – Бауыржан Байбек

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек барша қазақстандықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, партия Лидері праймериз өткізу туралы қаулыға қол қойғанын хабарлады. ⠀

«Nur Otan» партиясының Лидері Нұрсұлтан Назарбаев биылғы 17 тамыздан 3 қазанға дейінгі аралықта партияішілік таңдау – праймериз өткізу туралы қаулыға қол қойды. Бұл – Елбасы жариялаған «Nur Otan» партиясын «қайта жандандырудың» маңызды бөлігі саналатын партияішілік демократияның заманауи тетіктерінің бірі.

Праймериздің негізгі мақсаты – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларына партиялық тізімдерді қалыптастыру үшін бәсекелес күрес негізінде жаңа көшбасшыларды айқындау», - деп жазды ол.

Былтыр пилоттық режимде өткізілген іріктеуден партияның кадрлық резервіне 20 мың адам қосылған.

«Өздеріңіз білетіндей, біз былтыр «Nur Otan» партиясының кадрлық резервіне пилоттық режимде іріктеу өткізген болатынбыз. Жоба әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындарының саны және әлеуметтік топтары бойынша әркелкі 14 қала мен ауданда өткізілді. 10 мың партиялықтан тұратын кадрлық резерв жасақталды. Біздің қатарымызға 20 мың адам қосылды.

Халықаралық озық тәжірибелерді жан-жақты қарастырып, партия ішінде қызу талқыдан өткізгеннен кейін партия Саяси кеңесі мүшелерінің дауыс беруімен праймериз өткізу ережесі қабылданды. Ол ертең біздің ресми сайтымызда жарияланатын болады», - деп хабарлады.

Бауыржан Байбектің айтуынша, алдағы праймеризде қазіргі трендтер ескеріле отырып, дәстүрлі дауыс берумен қатар, онлайн-дауыс беруді де өткізу жоспарланып жатыр.

«Таяу уақытта партияішілік іріктеуге қатысуға ниеттенгендерді оқытуды бастаймыз. Саяси менеджмент мектебі коммуникация, сайлаушылармен жұмыс жүргізу, көпшілік алдында сөз сөйлеу дағдылары және басқа да тақырыптар бойынша онлайн-семинарлар ұйымдастырады.

Партиямыздың Лидері Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, «партиялық тізімдерге халықтың әртүрлі бөлігінің өкілдері, беделді, азаматтардың сеніміне ие болған отандастарымыз кіруі тиіс».

Әлеуметтік партиялық лифтті қамтамасыз ету - партиямыз үшін басты міндеттердің бірі. Сондықтан партия мүшелерімен қатар қоғам өміріне бей-жай қарамайтын, дарынды да креативті барша қазақстандықты алдағы праймеризге белсенді қатысуға шақырамыз», - деп жазды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.