Тоқаев: Қазақстанда АҚШ-тың әскери базасын салу мәселесі талқыланған жоқ
Мемлекет басшысы Ресей, Қытай, АҚШ елдерімен Қазақстанның арақатынасы жайлы айтты
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік «Комсомольская правда» басылымына сұхбат беріп, басылым тілшісінің «Қазақстанда АҚШ-тың әскери базасы салынуы мүмкін бе?» деген сұрағына жауап берді. Тоқаев жауабында бұл мәселе талқыланбағанын айтқан.
«Қазақстанда АҚШ-тың әскери базасын салу мәселесі талқыланған жоқ және күн тәртібінде тұрған жоқ. Бірақ Қазақстан мен АҚШ арасында энергетика, инвестиция, технология салаларындағы ынтымақтастық нығайып келеді. Біз қарусыздану мен ядролық қаруды таратпау бойынша үнемі байланыстамыз. Сондай-ақ Алматыдағы бұрынғы обаға қарсы институттың базасында биологиялық қауіпсіздік саласында бірлесіп жұмыс істедік, бірақ келісімшарттың аяқталуына байланысты америкалықтар елдеріне қайтты, қазір онда мемлекет бюджеті есебінен тек қазақстандық мамандар жұмыс істеп жатыр. Осы саладағы зерттеулердің өзектілігін ескере отырып, біз ресейлік мамандармен барынша ашық ынтымақтастыққа дайынбыз», - деп жауап берген.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті сұхбатында Қазақстанның Ресейге қосылатын жоспары жоқ екенін де айтқан.