«Демалуым қиындап барады, өлетін сияқтымыз»: Англияда мәйіті табылған 39 адамның қай ел азаматтары екені анықталып жатыр
Ұлыбританияның Эссекс графтығында мәйіті табылған 39 адамның кемі үшеуі вьетнамдықтар болуы мүмкін деп жазды BBC News.
Қайтыс болғандардың арасында Вьетнам азаматтары бар екенін олардың туыстары Би-би-си тілшілеріне хабарлаған.
Сейсенбі күні 26 жастағы вьетнамдық Фам Тхи Ча Ми ата-анасына мессенджер арқылы демалуы қиындап бара жатқанын жазған.Осыданы кейін ол мүлдем байланысқа шықпаған.
Соңғы жазбасын ол 22:30-да Бельгияның Зебрюгге портынан британдық Пурфлитке жетуге 2 сағат қалғанда жазған екен.
Фам Тхи Ча Мидің ағасы қарындасын Британияға жіберу үшін 30 мың фунт (38 мың доллар) төлегенін мәлімдеді.
«Менің қарындасым 23 қазан күні жоғалып кетті. Ол Вьетнамнан Ұлыбританияға жолға шыққан. Қазіргі уақытта онымен байланысқа шыға алмай отырмыз. Фам Тхи Ча Ми сол контейнерде болуы мүмкін деген қорқынышымыз бар. Британдық полицейлерге тергеу жүргізіп, қарындасымызды елге қайтару туралы өтінішімізді жеткіздік», - дейді жоғалған қыздың ағасы.
Сондай-ақ, оның туыстары ата-анасына жазған соңғы жазбаларын көрсетті.
«Өте қатты өкініп отырмын, әкешім, анашым. Басқа елдегі сапарым сәтсіз аяқталғаны өкінішті. Менің демалуым қиындап барады, өлетін сияқтымыз. Мен сіздерді қатты жақсы көремін. Анашым, мен қатты өкінемін», - деп жазған вьетнамдық қыз.
Фам Тхи Ча Мидан басқа 26 жастағы вьетнамдық ер азамат пен 19 жастағы қыздың жоғалғаны анықталып отыр. Олар да туыстарымен байланысқа 23 қазанда соңғы рет шығып, артынша із-түссіз жоғалып кеткен.
Соңғы мәліметтер бойынша, контейнерде табылған мәйіттердің отыз бірі ер кісі, сегізі әйел екені анықталды. Алғашында 39 адамның барлығы қытайлықтар деген болжам айтылған болатын.
Айта кетейік, 39 адамның өлімінен кейін 3 күдікті ұсталды деген ақпарат бар. Олардың бірі көлік жүргізушісі болса, қалған екеуі адамдарды рефрежираторға отырғызғандар болуы мүмкін