Азат Перуашев «нағыз оппозиция» туралы айтты
Бүгін Сенат парламенттік оппозицияға қатысты заңды қабылдады
«Ақжол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев «Парламенттік оппозиция туралы» заңда оппозиция үшін бірқатар құқықтық артықшылық қарастырылғанын айтты. Сондай-ақ заң жобасын әзірлегенде Еуропа елдерінің тәжірибесін, Еуропа комиссиясының «Демократиялық парламенттердегі оппозицияның рөлі туралы» баяндамасын қолданғанын айтты.
«Бізде парламенттік оппозиция деген ұғым мүлде болмаған. Қоғамда нағыз оппозиция кім екені туралы пікірлердің әлі де жалғасып жатқаны содан шығар. Венеция Комиссиясы баяндамасының 11-ші тармағында «Парламенттік оппозиция деген – парламентке енген, бірақ үкіметтің мүшелері жоқ саяси партиялардан тұрады» деген анықтама берілген. Алайда, біз оны Қазақстанның тіршілігіне жеткілікті емес деп таптық. Сол үшін парламенттегі оппозицияны билікке шынымен сыншыл болып, балама көзқарас ұсынып, қоғам талқылайтын, қоғамды алаңдататын мәселелерді көтеруге міндетті болуы керек деген талабымен толықтыруды жөн көрдік. Сондықтан, Заң жобасында «парламент оппозициясының» анықтамасында, бұл партиялар, әдетте, билік партиясынан бөлек, өзгеше саясат жүргізуге міндетті деген тезис енгізілген», - деді Азат Перуашев.
Бұған дейін депутат Азат Перуашев «Парламенттік оппозиция туралы» балама заң дайындап жатқан бірқатар депутаттар Мәжілісте қысым көргенін айтқан еді.