$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.05.2020, 14:48
Саясат

Сенаторлар парламенттік оппозиция туралы заңды қабылдады

Мәулен Әшімбаев парламенттік оппозиция жайлы пікір білдірді

Сенаторлар парламенттік оппозиция туралы заңды қабылдады
Фото: Сенат баспасөз қызметі

Бүгін Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы өтті. Отырыс барысында депутаттар «ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заңы мен «ҚР Парламентiнiң комитеттерi мен комиссиялары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына парламенттік оппозиция мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңын қарап, қабылдады. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған заң жобалары Президент Қ.К.Тоқаевтың парламенттік оппозиция институтын қалыптастыру туралы тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленген болатын.

Сенат төрағасы Ұлттық кеңестің екінші отырысында Мемлекет басшысы саяси реформалардың алғашқы топтамасын жария еткенін атап өтті.

«Бүгін біз президенттік реформалар аясында әзірленген маңызды екі заң жобасын қабылдадық. Соған сәйкес, еліміздегі демократиялық үрдістерді әрі қарай дамыту мақсатында қолданыстағы заңнамаға «парламенттік көпшілік» және «парламенттік оппозиция» ұғымдары енгізіліп отыр. Заңмен Мәжіліске сайланатын парламенттік оппозиция депутаттарының өкілеттіктері және олардың жұмысын қамтамасыз ету тетіктері нақты айқындалды. Мемлекет басшысының ұсынысымен қабылданған жаңа заңнамалық нормалар елімізде парламенттік оппозицияға кепілдікті қамтамасыз етеді және Қазақстандағы парламентаризмді дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Заң жобасына сәйкес Мәжілісте депутаттық мандаттардың көбіне ие болған саяси партия немесе саяси партиялар – парламенттік көпшілік болып саналады. Ал, парламенттік көпшілікке енбейтін, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси мәселелер бойынша сол көпшілікке қарағанда өзге позиция ұстанатын Мәжілістегі саяси партия немесе саяси партиялар «парламенттік оппозиция» деп түсіндіріледі.

Парламенттік оппозиция жекелеген мәселелер бойынша парламенттік көпшілікті қолдауы да мүмкін. Заң бойынша Парламент Мәжілісінің регламентінде көзделген тәртіппен бір сессия ішінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізуге бастама жасауға да құқылы болады.

Сонымен бірге, саяси партия фракцияларының басшыларына, ал олар болмаған жағдайда не олардың уәкілеттік беруімен саяси партия фракцияларының өкілдеріне Парламент палаталарының бірлескен отырыстарында, Мәжілістің жалпы отырыстарында, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдау мен өзге де іс-шараларда сөз сөйлеу құқығына заңмен кепілдік беріледі.

Құжаттың негізгі мақсаты – парламенттік оппозицияның құқықтық негіздерін іске асыру. Заң жобасының міндеттері:

  • парламенттік оппозиция құқықтарын іске асыру;
  • Парламент Мәжілісінің тұрақты комитетінің төрағасы, сондай-ақ тұрақты комитетінің хатшылары лауазымдарына парламенттік оппозициядан депутаттардың сайлануына кепілдік беру.

Заңға сәйкес, парламенттік оппозиция өз депутаттарының арасынан Парламент Мәжілісі тұрақты комитетінің төрағасы лауазымына кандидатуралар ұсынуға құқылы. Парламент Мәжілісіндегі тұрақты комитеттердің бірінің төрағасы парламенттік оппозициядан (ол бар болса) ұсынылған депутаттардың арасынан сайланады.

Одан басқа, заң жобасы арқылы парламенттік оппозицияға өз депутаттарының арасынан Мәжілістегі тұрақты комитеттердің хатшылары лауазымына кандидатуралар ұсыну құқығы беріледі. Парламент Мәжілісіндегі екі тұрақты комитеттің хатшылары парламенттік оппозициядан (ол бар болса) ұсынылған депутаттар арасынан сайланады. Осы ретте парламенттік оппозиция депутаттарынан сайланған комитет төрағасы мен хатшылары әртүрлі комитеттерге сайланатынын атап өткен жөн.

Серіктес жаңалықтары