Салық кодексіне ұсынылып отырған түзетулерді мұқият талқылаймыз – Қошанов
Мәжіліс төрағасы үкіметтің кеңейтілген отырысындағы мәселелер туралы пікір білдірді
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата спикері, AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов үкіметтің кешегі кеңейтілген отырысында айтылған мәселелер туралы өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Палата спикері атап өткендей, үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелерін қорытындылап, жаңа міндеттер қойған.
«Мемлекет басшысы экономикалық дамудың бірқатар көрсеткіші бойынша оң серпін бар екенін атап өтіп, алдағы бес жылға арналған жұмыстың басты бағыттарын айқындап берді. Ол – ірі инфрақұрылымдық жобалар, цифрландыру мен жасанды интеллект, атом энергетикасын дамыту, агроөнеркәсіптік кешенді нығайту, инвестиция тарту. Әрине, бұл міндеттерді орындау үшін заман талабына бейімделген берік заңнамалық негіз қажет. Мемлекет басшысы Парламентке жер қойнауын пайдалану құқықтарын бөлу кезінде инвесторларға түсінікті әрі ашық құқықтық база құру туралы тапсырма берді. Қазіргі уақытта депутаттардың бастамасымен әзірленген жер қойнауын пайдалану туралы заң жобасы қаралып жатыр. Енді бастамашы депутаттар елімізге ірі геологиялық барлау компаниялары келуіне неғұрлым қолайлы жағдай жасау мәселесіне мұқият назар аударуы қажет. Бұл орайда озық елдердің тәжірибесін барынша зерделеп, жұмысты сессия соңына дейін аяқтауымыз керек», - дейді Қошанов.
Оның айтуынша, мемлекет басшысы назар аударған тағы бір маңызды мәселе – цифрландыру. Мәжіліс төрағасы айтқан статистикаға сүйенсек, қазір Біріккен Ұлттар Ұйымы берген баға бойынша Қазақстан 193 мемлекет арасында 24-ші орында тұр. Сондай-ақ онлайн-қызметтер индексі бойынша үздік 10 ел қатарына кіреді. Мәселен, интернет арқылы мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу деңгейі 92 пайызға жетті.
«Алайда мұндай прогрестің екінші жағы да бар. Цифрландырумен бірге халыққа жалған ақпарат тарату белең алып, алаяқтықтың небір түрі қарқынды дамып келе жатыр. Қазақстандықтар күн сайын осындай жағымсыз жайттарға тап болған. Бірнеше депутаттық сауалдың осы проблемаға арналғаны бекер емес. Қазіргі жағдайда бұл мәселеге жан-жақты қарау керек. Ең алдымен, заң мен тәртіпті сақтауға бағытталған шаралар қабылдау қажет. Мәселен, алда қаралатын Цифрлық кодекс жобасы шеңберінде еліміздің тұрақтылығына нұқсан келтіретін жалған ақпараттың таралуына заңнамалық тұрғыдан тосқауыл қоюға тиіспіз. Сонымен қатар, деструктивті контент таратқаны үшін интернет-платформалардың жауапкершілігін қарастырған жөн», - деді ол.
Ерлан Қошанов Мәжіліс депутаттары әзірлеген жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі тиісті заң жобасы жақын арада талқылауға шығады дейді.
«Ол үшін ең алдымен, нарықтағы барлық тараптың пікірін ескеріп, бүгінгі күннің талабына сай келетін, шын мәнінде жұмыс істейтін заң қабылдауымыз қажет», - деп атап өтті Қошанов.
Сондай-ақ кешегі үкімет отырысында айтылған басты мәселенің бірі – міндетті медициналық сақтандыру жүйесі екенін айтқан партия төрағасы осы саладағы проблемалар бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқанын атап өтті.
«Күні кеше Мәжілісте өткен үкімет сағатында бұл тақырып жан-жақты талқыланды. Депутаттар салалық министрлікке осы салада үнемі орын алып келе жатқан бірқатар проблеманы атап айтты. Бұған дейін Қоғамдық палата алаңында да кеңінен талқылау өткен болатын. Енді осы пікірталастардың барлық нәтижесін, сондай-ақ жинақталған тәжірибені заңнамалық тұрғыдан қарау қажет. Біз медициналық сақтандыру жүйесіндегі жағдайды шын мәнінде жақсартатын, медициналық қызметтер тұтынушылардың бәрін қанағаттандыратын түзетулер қабылдауымыз кере», - деді Қошанов.
Ол сондай-ақ қазір қоғам қызу талқылап жатқан қосымша құн салығы туралы да пікір білдірді. Айта кетейік, кеше үкіметтің кеңейтілген отырысында үкімет қосымша құн салығын көбейту туралы ұсынысын жария етті.
«Кеше Мемлекет басшысы салық реформасы жөнінде өз ұстанымын айтты. Реформа қажет-ақ, бірақ ол барынша сараланып, байыппен қаралуға тиіс. Біз қосылған құн салығы мен әлеуметтік салық бойынша Үкіметтің позициясын білдік. Бұл мәселе бойынша сарапшылар мен Парламент депутаттары да өз пікірлерін айтып жатыр. Сондықтан мемлекеттік органдармен, бизнеспен бірлесіп, Салық кодексіне ұсынылып отырған түзетулерді мұқият талқылаймыз. Өзгерістерді барлық қырынан жан-жақты қарастырып, салық саласындағы жағдайды жақсартуға бағытталған салмақты шешім қабылдауымыз қажет», - дейді ол.
Қошанов сөз соңында АЭС салу мәселесіне де тоқталып, осы мәселе бойынша депутаттар президентке тиісті ұсыныстар әзірлеуді тапсырғанын атап өтті.
«Әріптестер, сөзімді қорыта келе, Президенттің барлық тапсырмасының артында, ең алдымен, халықтың тұрмысын жақсарту мақсаты тұрғанын атап өткім келеді. Осыған орай заңнамалық шешімдердің бәрі халықпен тығыз байланыста қабылдануға тиіс. Өз қызметімізде «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа алып, сайлаушылармен белсенді қарым-қатынас жасауымыз қажет. Мәжілістің Қоғамдық қабылдау қызметі аясында мейлінше тығыз қарым-қатынас орнатып, азаматтардың өтініштеріне айрықша көңіл бөлген жөн. Халықтың пікірі, азаматтардың ерік-қалауы – Мемлекет басшысының саясатының басты өзегі. Сондықтан депутаттар күнделікті жұмыста осы қағиданы ұстануымыз керек. Әріптестер, біз жұмыс істейтін және қоғамға қажетті заңдар қабылдап қана қоймай, олардың мән-мағынасын жұртшылыққа түсіндіруге тиіспіз. Осы тұста, журналистердің бар әлеуетін, заманауи әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді барынша пайдалану маңызды. Алға қойылған мақсат-міндеттерді іске асыру үшін әр депутат, әр фракция жұмыла жұмыс істеуі қажет», - деді Қошанов.