Қырғызстан парламентінің экс-спикері коронавирустан көз жұмды
Ол жергілікті уақыт бойынша, түскі сағат 12:10-да қайтыс болған
Коронавирус инфекциясын жұқтырған Қырғызстан парламентінің экс-спикері – Мұқар Чолпонбаев ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мамырдың 5-і күні ол Бішкектің инфекциялық ауруханасына жеткізілген, деп жазды 24 kg.
Экс-спикердің ауырғаны туралы көпшілік 10 күн өткеннен кейін бірақ білген. Кеше, 23-ші мамыр күні марқұмның қызы - Чолпонбаева Нұрилә әкесінің беті бері қарап келе жатқанын айтқан еді. Сол кездің өзінде 70 жастағы саясаткер ИВЛ аппаратының көмегімен демалып жатқан. Бүгін қырғызстандық БАҚ беттерінде оның көз жұмғаны туралы ақпарат тарады. Сондай-ақ, аталған ақпаратты елдің Жоғарғы Кеңесі мен Денсаулық министрлігі де растады.
Анықталғандай, КВИ науқаста екіжақты өкпе қабынуын тудырған.Сондай-ақ, саясаткердің жүрегі ауырған, бүйрегі мен қан тамырларында да проблемалар болған. Емханаға жатқызылғаннан кейін Чолпонбаевтың жағдайы нашарлай түсіп, жан сақтау бөліміне ауыстырылған. Ол жергілікті уақыт бойынша, түскі сағат 12:10-да қайтыс болған.
Айта кетейік, Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровта COVID-19 инфекциясын жұқтырған деген күдікке ілініп, Мәскеуге жеткізілген болатын.