Сыртқы істер министрлігінің бес қызметкері жемқорлықпен күдікке ілінді
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі жиын өткізді
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі Сыртқы істер, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерімен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі мәжіліс өткізді. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиналыста агенттік төрағасының бірінші орынбасары О.А. Бектенов қол астындағылардың парақорлық әрекеті үшін басшылардың отставкаға кету мәселесін түсіндірген. Сондай-ақ, ол әрбір министрлікке тиесілі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін атап өткен.
«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде сыбайлас жемқорлыққа неғұрлым бейімділер қатарында көліктік бақылау, автомобиль жолдары және құрылыс салалары. Министрлік басшылығымен қабылданған шараларға қарамастан, жағдай өзгерген жоқ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері бойынша 2019 жылы министрлік сыбайлас жемқорлыққа бейім топ 5-ке енді, 20 адам сотталды», - деп айтты О. Бектенов.
Ал Сыртқы істер министрлігіндегі жемқорлық тәуекелдеріне қылмыстық-тергеу практикасы дәлел. Агенттік мәліметінше, қазіргі уақытта ведомства мен оған қарасты ұйымдардың 5 лауазымды қызметкері жемқорлық фактісі бойынша тергеліп жатыр.
О.Бектенов жиында министрліктер өкілдеріне сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша шараларды кеңінен қолдану керектігін ескертті.
«Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша шаралар қолданбағаны үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдардың басшылары тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылады», - деп түйіндеді сөзін ол.