$ 526.81  542.72  5.16
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Халықтың 77,7 пайызы Қазақстанның қазіргі даму бағдары дұрыс деп санайды - Ерлан Қарин

Мемлекеттік кеңесші 2024 жылды қорытындылады

Халықтың 77,7 пайызы Қазақстанның қазіргі даму бағдары дұрыс деп санайды - Ерлан Қарин
Фото: instagram.com/erlankarin2019/

Елдегі тұрғындардың 77,7 пайызы Қазақстанның даму бағдары дұрыс деп есептейді. Бұл туралы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты өткізген сауалнамының қорытындысына сүйене отырып  Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекеттік кеңесші әлеуметтік желідегі жеке парақшасында «Ішкі саясат тұрғысынан алғанда өтіп бара жатқан жыл несімен есте қалады?» деген сұраққа бірнеше тармақпен жауап берген.

Реформаларды жалғастыру

Ерлан Қарин атап өткендей, президенттің қаңтар айындағы сұхбаты және Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы 2024 жылға арналған ішкі саясат саласындағы жұмыстың күн тәртібі мен мазмұнын айқындап берген.

«Жыл бойы қоғамдық маңызы зор бірқатар заң әзірленді және қабылданды. Қоғамдық петициялар институты іске қосылды. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы мен Орталық Азия елдерінде алғаш рет атом электр стансасын салуға қатысты референдум өтті. Референдум өткізуді талқылау ең ұзақ саяси науқан болды. Ауыл әкімдерінің сайлауы жалғасын тапты. Ономастика, ескерткіш және геральдика, мемлекеттік және қоғамдық награда салаларын ретке келтіру жұмысы басталды», - дейді Қарин.

Мемлекеттік кеңесші сондай-ақ «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы, мектептерде тәрбие жұмысының бірыңғай бағдарламасы, жас ғалымдарға арналған жаңа гранттар мен тағылымдамалар, жұмысшы мамандардың мәртебесі мен абырой-беделін көтеру сынды бастамалардың артық тұстарына тоқталды.

Жаңа сын-қатерлерге жауап

«Мемлекеттік аппарат сын-қатерлерді және сынақтарды абыроймен еңсерді. Президенттің саясаты бұрын-соңды болмаған халықаралық шиеленіс жағдайында еліміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтауға, Қазақстанның егемендігі мен қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етті. Алапат тасқын салдары қысқа мерзімде жойылып, мемлекет барлық зардап шеккен азаматтарға ауқымды көмек көрсетті. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ балалар арасындағы суицидке қарсы күресті үйлестіру үшін жүйелі шаралар қолға алынды», - деп жазды Қарин.

Жаңа қоғамдық этика

Оның айтуынша, биыл жаңа құндылықтардың қалыптасу үдерісі жалғасын тапқан. Осылайша, Қарин атап өткендей, әділдік, заң мен тәртіп қағидалары мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ұстанымына айналған. Мемхатшы сондай-ақ  «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқанына, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық, агрессия мен вандализм, нашақорлық, ойынқұмарлық және ысырапшылдық секілді кеселдерге қарсы күреске тоқталды.

«Әдеп және мінез-құлық нормаларын сақтау халық қызу талқылайтын тақырыпқа айналды. Қоғамның жұмыла түсуі Түрлі тақырыпқа байланысты пікірталастарға қарамастан, жалпы билік пен қоғамның ел болашағына қатысты түсінігі мен көзқарасы ортақ. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жыл соңында өткізген сауалнаманың қорытындысына сәйкес, тұрғындардың 77,7 пайызы мемлекетіміздің даму бағдары дұрыс деп есептейді. Жұрттың қолдауы 2025 жылы да жалғасатын реформалардың берік тірегі болмақ», - деп жазды Қарин.

Серіктес жаңалықтары