Қытайдың Қазақстандағы жаңа елшісі осы қызметіндегі мақсат-міндеттерін баяндады
Ол экономикалық әріптестікті одан әрі дамытуға зер салмақ

2024 жылғы 30 желтоқсанда Астананың халықаралық әуежайында Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеруге ерекше маңызға ие оқиға орын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жаңадан тағайындалған Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлин екі ел қарым-қатынастары тарихының негізгі белестерін сипаттап, сөз сөйледі.
«Қытай мен Қазақстан ынтымақтастығының заманауи кезеңіндегі шешуші кезең 2013 жылмен тұспа-тұс келді. Сол кезде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанда «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бастамасын алғаш рет жариялады. Кейіннен бұл тұжырымдама «Бір белдеу, бір жол» (БББЖ) ауқымды жобасының бір бөлшегіне айналды. Дәл Қазақстан жерінде осы ғаламдық ауқымдағы жобаға алғашқы қадам жасалып, Шығыс пен Батысты жалғайтын сауда керуендері, инвестициялық ағындар және инфрақұрылымдық бастамалар сәтті іске қосылды», - дейді ол.
Елші Хань Чуньлин атап өткендей, «Бір белдеу, бір жол» шеңберіндегі негізгі қағидаттар – бірлесіп талқылау, бірлесіп салу және нәтижелерді бірлесе пайдалану (үш бірлесу). Мұндай тәсіл қос тараптың да мүдделерін барынша ескеруге септігін тигізіп, өзара тиімді нәтижелерге жетуді қамтамасыз етеді.
«Соңғы он жылдан астам уақытта БББЖ аясында Қазақстан мен Қытай бірқатар ірі инфрақұрылымдық және экономикалық жобаларды қолға алды: теміржол дәліздерін дамыту, автомобиль жолдарын жаңғырту, көліктік-логистикалық хабтарды және индустриялық парктерді салу. Мысалы, қазақ-қытай шекарасындағы «Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ порты Азия мен Еуропа арасындағы құрлықтағы үлкен логистикалық орталыққа айналды. Халықаралық қауымдастық БББЖ аясында Қытай мен Қазақстан арасындағы серіктестікті ірі трансшекаралық жобаларды іске асырудың үздік тәжірибелерінің бірі деп мойындайды. Тараптар тек сауда және инвестиция саласындағы әріптестікке емес, сондай-ақ мәдени алмасу, білім беру бағдарламалары және ғылыми-техникалық ынтымақтастық салаларына да мән беріп келеді», - дейді Хань Чуньлин.
Оның айтуынша, Қытай мен Қазақстанның өзара іс-қимылы тек екіжақты форматпен шектелмейді.
«Екі ел де көпжақты құрылымдарда, әсіресе, Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында белсенді қызмет етеді.Қазіргі кезеңде Қытай ШЫҰ-ға төрағалық етіп отыр және алдағы саммитті достық, ынтымақтастық және жемісті диалог аясында өткізуді мақсат етеді. Қазақстан ұйымның белсенді мүшесі ретінде өңірлік маңызды мәселелерді бірлесіп шешу үшін және басқа да мүше мемлекеттермен қарым-қатынастарды нығайту үшін ШЫҰ алаңын тиімді пайдалануда», - дейді ол.
Елші Хань Чуньлиннің айтуынша, алдағы жылы Қазақстан «Қытай – Орталық Азия» екінші саммитін қабылдайды.
«2023 жылы бастау алған бұл формат өзінің өзектілігін дәлелдеп үлгерді. Орталық Азия елдері мен Қытай арасында көлік-логистика дәліздерін дамыту, энергетика және ауыл шаруашылығы, білім мен мәдениет сияқты көптеген салада ынтымақтастықты кеңейту жөнінде келісімдер жасалуда.Қытай Қазақстанмен бірыңғай тағдыр қауымдастығын қалыптастыру тұжырымдамасын ұсынады. Бұл екі елдің стратегиялық жоспарларын үйлестіруді, өзара сенімді нығайтуды және жаңашыл жолмен бірге дамуды көздейді. Елші Хань Чуньлин атап өткендей, қазіргі уақытта Қытай да, Қазақстан да әлеуметтік-экономикалық серпін жасау үдерісінде бір-біріне серік болуда және бұл үрдіс барған сайын күшейе береді», - дейді елші.
ҚХР-дың Қазақстандағы 12-ші Төтенше және Өкілетті Елшісі ретінде Хань Чуньлин мырза екі ел басшылары қол қойған маңызды уағдаластықтарды іске асыруды өзінің негізгі миссиясы санайды.
Елші аталған уағдаластықтарды орындау үшін бар күш-жігерін салатынын жеткізді.
Саяси сенімді тереңдету
Саяси өзара сенім – кез келген серіктестіктің берік іргетасы. Елші екі елдің мемлекеттік органдары, сарапшылар қауымдастығы арасында тығыз байланыстарды сақтауға және нығайтуға басымдық беретінін атап өтті.
Экономикалық әріптестікті одан әрі дамыту
Ғаламдық экономикалық белгісіздік жағдайында екіжақты сауда мен инвестиция көлемінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл тұрғыда энергетика, инфрақұрылым, логистика, биік технологиялар мен «жасыл» экономика секілді салалардағы жобаларға жаңа серпін беру көзделген.
Азаматтардың мүддесін қорғау және гуманитарлық байланыстарды дамыту
Қытайдың Қазақстандағы Елшілігі мен Бас консулдықтары қытай кәсіпорындарына, студенттеріне және Қазақстандағы ҚХР азаматтарына жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырады. Сонымен қатар білім мен мәдениет саласындағы алмасуларды кеңейтуге де ерекше көңіл бөлінуде: қазірдің өзінде Қазақстанда Конфуций институттары жұмыс істейді, сондай-ақ жас ғалымдар мен студенттерге арналған білім беру бағдарламалары ұйымдастырылып келеді.
Өз сөзінде Елші Хань Чуньлин «Адал достық алтыннан да қымбат» деген қазақтың қанатты сөзін келтірді. Бұл сөздер екі халық арасындағы ғасырлар бойы үзілмеген қарым-қатынастардың символына айналған достықты дәл сипаттап тұр.
Қытайдың Қазақстандағы Елшісі Хань Чуньлин Қазақстанға дәл екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 33-жылдығы мен 2025 жылдың табалдырығында табан тіреген маңызды тұста келіп отыр. Оның «кезекті алтын отызжылдық» туралы айтқан сөзі – қос мемлекеттің де жоғары деңгейдегі өзара түсіністік пен сенімді сақтау арқылы ортақ мақсатқа қол жеткізуіне деген сенімнің айқын белгісі.
Елші өз құттықтауында баршаға денсаулық, бақыт және амандық тіледі және 2025 жылдың Қазақстан мен Қытайдың өзара достығының шежіресінде тағы бір жарқын белес боларына нық сенімін білдірді.
«Екі ел халықтарының достығы қыран құстай қалықтап, жарқын болашаққа самғасын» – елші Хань Чуньлиннің осы тілегі Қытай мен Қазақстанның 2025 жылға қадам басқанда қандай мақсат-мұратпен алға жылжитынын бейнелейді.