Қазақстан әйелдері теңдікті емес, тең бәсекеге ие мүмкіндікті қалайды - Рамазанова
Партия құрамындағы әйелдердің үлесі 60 пайызға тең

Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, «Атамекен» іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова «AMANAT» партиясы жанындағы әйелдер қанатының мақсатына тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
«Осыдан 10 жыл бұрын гендерлік теңдік төрге шығады десе, таң қалатын едік. Қазақстан әйелдері теңдікті емес, тең бәсекеге ие мүмкіндікті қалайды. «AMANAT» партиясының 60 пайыздан астамы әйелдер болып отыр. Депутаттық мандаттар да баршылық. Бұл - үлкен нәзік күш. Әйелдер қанатының басты мақсаты осы»,- дейді Рамазанова.
Оның айтуынша, мемлекеттік қызметкерлердің 55 пайыз үлесі әйелдер қауымына тиесілі.
«Еліміздің көшбасшы партиясы дұрыс бағыт алды. Осындай күшті көтере отыра, көп мақсатқа жетуге болады. Біздің тұсауымыз кесілді, аяғымызға нық тұрдық. Осы бағытта көп мақсатқа жетеміз деген ойдамын. Сондықтан әйелдердің бірігуі арқылы бүгін, ертең айтылған бизнес идеялар барлық елдің экономикалық жағдайына оң әсер береді деп ойлаймын»,- дейді Ләззат Рамазанова.