ТМҰ миссиясы Астанада кездейсоқ таңдалған 17 учаскеде бақылау жүргізді
Миссия мүшелері толық мониторинг жүргізгендерін айтты
Атом электр станциясын салу мәселесі бойынша өтіп жатқан республикалық референдумда Түркі мемлекеттері ұйымының миссиясы кездейсоқ таңдалған 17 учаскеге барып, бақылау жүргізді. Бұл туралы ТМҰ Бас хатшысының орынбасары Сади Джафаров мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Орталық коммуникациялар қызметі хабарлағандай, миссия құрамында 11 байқаушы бар. Олар хатшылықтың, парламенттердің, ТМҰ мүшелерінің, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен ТМҰ-ға мүше елдердің ғылыми топтарының өкілдері.
Миссия басшысы, ТМҰ Бас хатшысының орынбасары Сади Джафаров Халықаралық бақылаушыларға қолғабыс көрсету орталығында өткен баспасөз конференциясы барысында атап өткендей, референдум учаскелері ашылған сәттен бастап осы уақытқа дейін Астана қаласында кездейсоқ таңдалған 17 учаскеде бақылау жүргізген.
«Атап өткеніміздей, осы орындардың бәрінде референдумға қатысты барлық ақпарат, сондай-ақ материалдар ұсынылды. Біз толық мониторинг жүргізе алдық, осы уақытқа дейін сайлау комиссиясының қызметі бойынша әкімшілік немесе құқық қорғау органдары тарапынан заңсыз араласу жағдайлары байқалған жоқ. Біздің бақылау миссиямыз кешке дейін жалғасады, біз сайлау учаскелерінің бірінде дауыстарды санау кезеңіне қатысамыз», - деді спикер.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін хабарлағынымыздай, Қазақстанда өтіп жатқан референдумға орай 117 бақылаушы ресми тіркеуден өткен.