Мен көп оқитын адаммын, сондықтан елдегі барлық оқиғадан әрқашан хабардармын – Тоқаев
Президент елде болып жатқан оқиғалардың ақпаратын жан-жақтан аламын дейді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС құрылысы жөніндегі референдумда дауыс берген соң, журналистерге арналған брифингте «Қазіргі Үкіметтің жұмысына көңіліңіз тола ма?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Менің ойымша, Үкімет белсенді жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы ретінде қойған міндеттерімді орындауға тырысады. Жұмысымыз өте қауырт. Ол бұқаралық ақпарат құралдарына көріне бермеуі мүмкін. Ақпараттарды жан-жақтан алып отырамын. Жалпы, мен көп оқитын адаммын. Сондықтан елдегі барлық оқиғадан әрқашан хабардармын. Министрлердің және Үкіметтің жұмысында кемшін кетіп жатқан тұстар болса, әлбетте, ескертемін. Жеті ай деген көп уақыт емес. Үкімет мүшелері өздерін көрсетуі керек. Ең басты міндет – ел экономикасының дамуына серпін беретін мүмкіндіктерді іздеу», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін президент референдумда оң шешім қабылданса, елімізде атом электр стансасын кім салады деген сұраққа жауап берген еді.