Тоқаев Дүниежүзілік туристік ұйымының Бас хатшысын қабылдады
Зураб Пололикашвили Астанада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жақсы баға берді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының Бас хатшысы Зураб Пололикашвилиді қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тоқаев V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысқаны үшін UNWTO делегациясына және Зураб Пололикашвилиге ризашылығын білдірді.
Президент бұл ауқымды іс-шара халықтар арасындағы достықты нығайтуға, Қазақстанның имиджін ілгерілетуге, еліміздің бай мәдени-тарихи мұрасын дәріптеуге септігін тигізетінін атап өтті.
Өз кезегінде Зураб Пололикашвили қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға берді.
Оның пікірінше, мұндай іс-шаралар туризмді және жалпы ел экономикасын дамытуға жол ашады.
Кездесу барысында Қазақстанның БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымымен серіктестік аясын кеңейту перспективасы талқыланды.