$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.05.2020, 15:46
Саясат

Сарапшы пікірі: «Өзбек тарапы қазақстандықтардың шығынын өтеп беруі керек»

Сарапшылар Орталық Азиядағы су шаруашылығы қауіпсіздігі жайлы пікірін айтты

Сарапшы пікірі: «Өзбек тарапы қазақстандықтардың шығынын өтеп беруі керек»
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Сардоба су қоймасы 2010-2017 жылдар аралығында салынған. Өзбекстандық БАҚ-тың жазуынша, су қоймасының құрылысы туралы идеяны қазіргі президент, сол кездегі премьер-министр Шавкат Мирзиеевтің өзі көтерген. Ал мемлекет басшысы ретінде жобаның ашылуына келгенде, мамандар мен журналистер мұны «Ғасыр жобасы» деп атаған. Оның құны – 21 млн еуро. Жобаны қаржыландырған ресейлік банктердің бірі. Кейбір деректер бойынша, орыстардың өз гидротехникалық құрылыс компанияларының бірі су қоймасын «Росэксимбанк» қаражатына салып берген. Кей мәліметтерде ауқымды жобаға инвестицияны Қытайдан тартқан деп айтылады. Ал өзбек халқының арасында, әсіресе әлеуметтік желілдерде «Құрылыс сапасыз жүргізілді» деп билікті сынап жатқандар көп. 

«Орталық Азия елдерінің бәрінде су шаруашылығы қауіпсіздігі сақталмайды»

Azattyq Rýhy тілшісі Орталық Азия аумағындағы су ресурстарының проблемасы жайлы сарапшылардың пкірін білді. Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков Орталық Азия елдері су шаруашылығындағы қауіпсіздік мәселесін ұмытып кетті деп есептейді. Айтуынша, екі мемлекетті әбігерге салған су тасқыны өңірдегі бес мемлекет арасындағы бұрыннан келе жатқан мүдделер қайшылығының кесірі.

Оқи отырыңыз: Су тасқыны: Үкімет үнсіз, ал әлеуметтік желіде қауесеттер өршіп тұр

Өзбекстан тарапы Қазақстан билігін «су тоқтады, қауіп жоқ» деп сендіргенімен, жағдай басқаша сипат алып, Мақтаарал ауданындағы бірнеше елдімекен су астында қалды. Мыңдаған тұрғынды эвакуациялауға тура келді. Сарапшы Ж. Сарабеков бұл жағдайдың екі ел арасындағы ақпарат алмасудың, төтенше жағдай кезіндегі әріптестіктің жолға қойылмағанын көрсетіп бергенін айтады.

«Реалистік тұрғыдан қарасақ, су мәселесі тез арада шешіледі деп айта алмаймыз. Себебі, жылдар бойы аймақта суға талас мәселесі шешімін таппады. Басты себеп - Тәжікстан мен Қырғызстан судан энергия өндіруге тырысып, одан алатын тоқты арзан қуат көзі ретінде қарастырса, Қазақстан  мен Өзбекстан және Түркіменстан суды ирригациялық мақсатта пайдаланады.

Кеңес уақытында бәрі келісімді болды. Мәселен, қырғыз бен тәжік тіршілік нәрін жаз кезінде ауылшаруашылыққа жететіндей көлемде қамтамасыз етіп, Қазақстан мен Өзбекстанға жіберіп отырды. Ал қыста керісінше, Өзбекстан мен Қазақстан алғашқы екі елге энергетикалық көмек беретін. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл жүйе бұзылды. Егер жақын арада бір ортақ шешімге келе алмасақ, онда жағдай ушыға береді. Экологиялық тұрғыдан қарағанда да, өзендер мен көлдер қоректенетін мұздықтар еріп жатыр. Жаһандық жылынудан Орталық Азия елдері де тыс қалған жоқ. Егер біз суды пайдаланудың ортақ ережелерін бекітпей, қақтығыстарды өршіте беретін болсақ, алдағы уақытта аймақта су дефициті болатыны сөзсіз», - дейді сарапшы.

«Орталық Азия елдері бір келісімге келуі керек»

Орталық Азия елдері су жетіспейтінін біле тұра, тіршілік нәрін ең үнемсіз пайдаланатын әлем елдерінің қатарына жатады. Аймақта адам басына шаққандағы су шығыны басқа елдерге қарағанда жоғары. Саясаттанушы Жұмабек Сарабеков су дағдарысы үлкен масштабта болмас үшін тараптар шұғыл түрде келісім үстеліне жиналуы қажет деп есептейді.

«Өзбекстан мен Қазақстанның екіжақты қарым-қатынасын жеке алып қарастырсақ, ортақ шешімдерге келуге мүмкіндіктер бар. Басты себеп – Өзбекстанның жаңа билігі (Мирзеев бастаған билік – авт.) Қазақстанмен қарым-қатынасты жоғары бағалайды. Тараптар арасында саяси диалог өте жоғары деңгейде жүреді деп ойлаймын. Қазақстан да, Өзбекстан да суперпрезиденттік мемлекеттер. Ел басшыларының сыртқы саясаттағы рөлі үлкен. Екі мемлекет арасында су мәселесінде келісімге келу қиындық туғызады деп ойламаймын. Алайда, екі мемлекет те судың сағасында орналасқан. Сол себепті, Қырғызстан мен Тәжікстанға тәуелді болып қала береміз. Суды қабылдаушы мемлекет ретінде өзбек елімен проблемамыз ортақ, позициямыз бір десек болады. Бірақ жалпы аймақта ортақ мәмілеге келу әзірше мүмкін болмай отыр», - дейді Ж. Сарабеков.

«Қазақстандықтардың шығынын өтеп беруі керек»

Апат ошағына айналған «Сардоба» су қоймасында 900 миллион текше метр су сақталғаны белгілі болды. Онда Қазақстандағы «Шардара» су қоймасы (5 млрд текше метр - авт.) және «Көксарай» су қоймасынан (3 млрд текше метр - авт.) әлдеқайда аз су сақталады. Айта кету керек, өзбектер мұнда биыл сәуірде қуаттылығы 10 МВт болатын су электр станциясының құрылысын да бастаған.

Сарапшылар 2010 жылы «Сардоба» су қоймасының құрылысы басталғанда, Түркістан облысындағы Мырзашөл өңіріне қауіпті екені айтып, дабыл қаққан. Соңғы жылдары Жетісай мен Мақтаарал өңірінің халқы да қауіппен күн кешіп келгені айтылып жүр. Дегенмен, Өзбекстан билігі қазақстандық тараппен ақылдаспай, бөгет құрылысын бастап кеткен.

Оқи отырыңызҚазақстан су тасқыны бойынша Өзбекстанға наразылық нотасын жолдамайды

Қазақстан Республикасы «География және су қауіпсіздігі» ғылыми-зерттеу институтының директоры академик Ахметқал Медеу мемлекетте су қауіпсіздігінін су тасқынынан концепциясының әлі жоқтығын айтады.  Бұндай бағдарлама ғылыми тұрғысынан қойылмаған дейді.  Осы сияқты проблемалар Орталық Азия елдерінің бәрінде бар. Географ-ғалым Өзбекстанда болған жағдай да нақты концепцияның жоқтығынан, тәуекелді бағаламаудан туындағанын айтады.

«Әлемде ежелгі заманнан бері өзендерді бөгеп суды пайдаланады. Өзбекстандада осындай жағдай қалыптасқан. Осыған орай, әрине су қауіпсіздігін осынай іс әрекет жасағанда міндетті турде ойластыру керек.  Сыр еліндегі диқандардың айтуы бойынша биыл егістікке су жетпейді деп жатыр. Биыл су көлемі аздау, Шардара су қоймасында 5 млрд текше метр, Көксарайда 3 млрд текше метр су қазір жиналуы керек екен. Қазіргі кезде ондай көлемде су жоқ.

Өзбек ағайын суды бөгеу саясатын жалғастырамыз деп климаттық өзгерістерді, жауын-шашыннан болатын қатерді естен шығарып алған сияқты. Мониторинг жасап, синоптиктердің ескертуіне құлақ асып, артық суды алдын ала жіберіп отыруы керек еді. Ал енді заң тұрғысынан келгенде, халықаралық тәртіпке сай су апатынан зардап шеккен қазақстандықтардың шығынын өтеп беруі керек», - дейді ғылыми-зерттеу институтының басшысы.

Су тасқыны топырақ құнарын жоя ма? 

Әлеуметтік желілерде Түркістан облысындағы жағдай шаруалар үшін алдағы жылдары да үлкен проблема туғызуы мүмкін екені жазылып жатыр. Тіпті «қызыл су жердің беткі қабатындағы топырақтың құнарын жойып кетті» деген пікірлер де бар. Алайда, ғалым Ақметқал Медеу су тасқыны диқандарға қажетті жердегі минералдың жойылатыны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты.

«Су тасқыны топырақтың құнарын жоймайды. Су ағыны топырақ шөгінділерін алып келеді де, жерді керісінше тыңайтады. Ол өмір бойы солай болған, жердің құнарын минералдармен толтырады. Бірақ арнайы қазылған арықтар мен жүйені, бүкіл су инфрақұрылымын құртып кететіні рас. Оны қайта жасау үшін қыруар қаржы кетеді. Мәселен, кезінде тоған салып, арықтар қазып, жерді түзету үшін көп қаржы жұмсалды. Енді осыны қалпына келтіру үшін уақыт пен ақша керек. Одан бөлек шығындар да көп, қаншама халық жылы орнын тастап кетті. Егін уақытында егілмей, пайдадан қағылды. Ең үлкен қасірет осы», - дейді ғалым.

Ресми ақпарат бойынша, Өзбекстан билігі су қоймасындағы бөгеттің бұзылуын ауа райынан көріп отыр. Шамадан тыс көлемде жауған нөсер мен дауыл осындай жағдайға әкеп соқтырған. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзеев үш күннен бері Сырдария облысында жүр. Ол осыдан екі күн бұрын тұрғындармен кездесіп, алдағы екі күнде аймақ түгел судан тазарып, зардап шеккен халыққа баспана салып беретінін айтты. Тіпті, көрпе-жастыққа дейін алып береміз деп уәде берді.

Соңғы деректер бойынша, Өзбекстан аймағында су тасқыны салдарынан 70 мың адам баспанасыз қалды. Өзбекстан билігі осы жағдайға байланысты 10 млн АҚШ долларын бөлген. Ал Қазақстандағы Мақтаарал ауданында 14 ауылдың 31 мың тұрғыны эвакуацияланды. Басқа өңірлерден Түркістан облысына қосымша күш пен техника, гуманитарлық көмек жіберіліп жатыр.     

Ақпарат үшін:

Өзбекстан Жызақ облысындағы Тузкан көлі маңынан атом электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Қазақстанның оңтүстік аймағына тым жақын орналасқан жобаны Ресей қаржыландырмақ. Әзірше қағаз жүзіндегі жоба туралы Ресей мен Өзбекстан басшылары (Путин мен Мирзиеев – авт.) 2018 жылдың қазанында келісімге қол қойды. Алайда, энергия алудың ең қымбат әрі қауіпті жолын таңдаған ресми Ташкент АЭС салу туралы шешімге келгенде де көршілес мемлекеттердің пікірімен санасқан жоқ.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары