Астанада «Орталық Азия + Жапония» бизнес-форумы өтіп жатыр
Орталық Азия аймағы елдері мен Жапония делегациясының 450-ден астам өкілі жиналды
Астанада «Орталық Азия + Жапония» бизнес-форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Форум алаңында Орталық Азия аймағы елдері мен Жапония делегациясының 450-ден астам өкілі жиналды. Жапонияның іскер топтарынан Toyota Tsusho Corporation, Mitsubishi Heavy Industries EMEA, Ltd., Mitsui & Co., Ltd ірі компанияларының басшылары мен менеджерлері, сарапшылар қауымдастығынан салалық жоғары оқу орындарының ғылыми қызметкерлері қатысты.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов өзінің алғы сөзінде көпжақты ынтымақтастықты арттырудың негізгі бағыттарын атап өтті.
«Жапония жаһандық ауқымдағы экономикалық және технологиялық көшбасшылардың бірі саналады. Жапон компанияларының өнімдері өзінің сапасы, сенімділігі және инновациялық жаңашылдығымен танымал. Бүкіл әлемдегі адамдардың тұрмыс сапасын жақсартуға баға жетпес үлес қосып, прогрестің алдыңғы қатарына шыққан мемлекет.
Өз кезегінде, Орталық Азия – бұл қарқынды дамып келе жатқан аймақ, оның даму қарқыны жоғары және жан-жақты ынтымақтастық үшін барлық жағдай жасалған. Біздің аймағымыздағы елдер мен Жапония ынтымақтастықты үдемелі кеңейту үшін зор әлеуетке ие деп санаймын. Жапондық инвесторлардың қатысуымен трансұлттық жобаларды жүзеге асыру аймақтың экономикалық өзара байланысының деңгейін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. Бүгінгі нәтижелі келіссөздер біздің көпжоспарлы әріптестігімізді сапалы жаңа деңгейге шығаруға бағытталған», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-Министр Орталық Азия мен Жапонияның озық технологиялар трансферті және қосылған құны жоғары өнімдер өндіру саласындағы өзара іс-қимылына назар аударды. Бұл бағытта бірлескен инновациялық кластерлер, технопарктер мен инкубаторлар құру мүмкіндігі атап өтілді.
Жапонияда қолданылатын ЖИ, робототехника және ғылымның басқа да озық жетістіктеріне негізделген агротехнологиялар да қызығушылық тудыруда.
Қаржы секторындағы өзара іс-қимылды арттыру және аймақаралық әріптестікті тереңдетуге Астана халықаралық қаржы орталығы мен Токио қор биржасы арасындағы әлеуетті ынтымақтастық елеулі үлес қоса алады.
«Орталық Азия + Жапония» диалогы аясындағы бизнес-форумның нәтижесінде көпжоспарлы әріптестікті жаңа деңгейге шығаруға арналған бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі құжаттарға қол қойылады.