Мемлекет басшысы Шавкат Мирзиёевті «Алтын Қыран» орденімен марапаттады

Молдатай Сымбат

Бұл – Қазақстан Республикасының ең жоғарғы мемлекеттік наградасы

Мемлекет басшысы Шавкат Мирзиёевті «Алтын Қыран» орденімен марапаттады
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президентіне Қазақстан Республикасының ең жоғарғы мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденін табыс етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекет басшысы Қазақстанда Шавкат Мирзиёевті Өзбек елінің нағыз көшбасшысы, халықаралық деңгейдегі саясаткер, екі халық арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет қайраткері ретінде танитынын және құрметтейтінін айтты.

«Егемен ел ретінде даму  жылдарында екі мемлекет арасында жан-жақты серіктестік пен стратегиялық одақтастық жолға қойылды. Берік шарттық-құқықтық база қалыптасты. Шекараны толықтай шегендеп алдық. Өзара сенімді саяси диалогтың арқасында біз сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды қарқынды түрде ілгерілетіп келеміз. Негізгі халықаралық құрылымдар аясында тығыз ықпалдастық орнаттық. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі қазақ-өзбек қатынастары үлгі етуге тұрарлық әрі нағыз бауырластық деңгейде», – деді Президент.

Шавкат Мирзиёев өзін Қазақстанның ең жоғарғы мемлекеттік наградасымен марапаттағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаев пен бауырлас қазақ халқына ризашылығын білдірді

«Бұл марапатты екі халық арасында ғасырлар бойы жалғасқан шынайы достық және тату көршілік қатынастарды арттыруға қосқан бірлескен күш-жігерімізге берілген лайықты баға деп санаймын. Қазақстан біздің ең жақын, сенімді әрі уақыт сынынан өткен серіктесіміз», – деді Шавкат Мирзиёев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.