Өзара тауар айналымын 5 миллиард долларға жеткізу мақсаты тұр – Тоқаев
Қазақстан-Өзбекстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бірінші отырысы өтті
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан мен Өзбекстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бірінші отырысына қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кеңес отырысында екі елдің сауда-экономика, көлік-транзит, су шаруашылығы және энергетика, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын кеңейтудің басым бағыттары талқыланды.
«Былтыр Одақтастық қатынастар туралы тарихи шартқа қол қойдық. Бүгін алдағы он жылға арналған Стратегиялық әріптестікті және одақтастықты дамыту бағдарламасын бекітеміз. Осы маңызды қадамдар екі елдің байланысын ілгерілетуге айрықша серпін беретініне сенімдімін», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, қысқа уақыт ішінде өзара тауар айналымын 5 миллиард долларға дейін жеткізіп, таяу жылдары бұл көрсеткішті 2 еселеуге елдеріміздің әлеуеті жетеді.
«Ауыл шаруашылығы, машина жасау, энергетика, коммуникация, цифрландыру секілді перспективті салалардағы ынтымақтастық әлеуетін толық пайдалану маңызды. Бұл ретте қазақ-өзбек шекарасындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығын тезірек іске қосу қажет. Мемлекетаралық кеңес пен өңіраралық ынтымақтастық форумының қызметінен де елеулі нәтиже күтеміз. Өңірлік кооперацияға зор үміт артамыз. Қазіргі кезде жалпы сомасы 3 миллиард доллардан асатын 70-ке жуық бірлескен жобамыз бар. Оның аясында 14 мың жұмыс орны ашылады. Біз бұл бағыттағы байланыстарды одан әрі нығайтып, бизнес үшін қолайлы жағдай жасауға әзірміз», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-транзит артықшылықтарын барынша тиімді пайдалану маңызды екенін айтты. Мемлекетаралық кеңес отырысы барысында трансшекаралық өзендердің су ресурстарын кешенді әрі рационалды пайдалану, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелері қозғалды.
«Бүгінгі келіссөздер біздің нақты бағыттар бойынша ынтымақтастығымызды одан әрі кеңейтуге, сондай-ақ достас әрі бауырлас халықтарымыздың өсіп-өркендеуіне ықпал ететініне сенімдімін», – деді Шавкат Мирзиёев.
Өзбек елі басшысының айтуынша, сапар алдында мемлекетаралық комиссияның отырысы, бизнес форум және бірқатар мәдени іс-шара өтті. 2034 жылға дейінгі Стратегиялық әріптестік пен одақтастық бағдарламасы әзірленді. Сыртқы саясат ведомстволары басшыларының жетекшілігімен кеңес құрылып жатыр. Мұның бәрі екіжақты ықпалдастықтың нығаюына оң септігін тигізеді.
Кеңес отырысының қорытындысы бойынша бірқатар шешімге қол қойылды.