Назарбаев Токиода Зеленскиймен кездесті
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті, деп хабарлайды elbasy.kz
Елбасы Зеленскийді Украина президенті лауазымына тағайындалуымен құттықтап, алдағы жұмысына табыс тіледі. Сондай-ақ Украинаның әр күнін жіті қадағалап отыратынын айтты.
«Украина мен үшін бөтен емес. Бұл тек кезінде осы елде 2 жыл білім алғандығым үшін емес. Тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап Сіздің елді басқарған барлық президенттермен жақсы қарым-қатынаста болдым», - деді Елбасы.
Сондай-ақ Елбасы Украинада болып жатқан оқиғаларға алаңдаушылық білдірді. Украинаның оңтүстік-шығысындағы қақтығысты бейбіт жолмен шешудің маңыздылығын атап өтті.
«Сіз халықтың үлкен сенім білдіруімен сайлауда жеңіске жеттіңіз. Ойлаған дүниелеріңізді іске асыруға қазір мол мүмкіндігіңіз бар», - деді Елбасы.
Өз кезегінде В.Зеленский таяуда Нью-Йоркте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен танысқанын айтып, Елбасы Н.Назарбаевты өз еліне шақырды.
Кездесу барысында Владимир Зеленский Украинаның кең ауқымдағы мәселелер бойынша Қазақстанды үнемі қолдап келе жатқанын жеткізді. Бұдан бөлек, тараптар екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, тауар айналымын арттыру мәселелерін талқылады.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияның императоры Нарухитоның таққа отыруына арналған ресми шараға қатысу үшін Токиоға барды.