Елбасы жаңа императорды таққа отырғызу рәсіміне қатысу үшін Токиоға келді
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияның императоры Нарухитоның таққа отыруына арналған ресми шараға қатысу үшін Токиоға ұшып келді. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай хабарлады
Айдос Үкібайдың хабарлауынша, жаңа императордың таққа отыру рәсімі 22 қазан күні Токиодағы император сарайында өтеді. Сондай-ақ Елбасының сапары аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізу жоспарланған.
Қазақстанның Жапониядағы елшісі Ерлан Баударбек-Қожабаевтың дерегінше, қазіргі уақытта 177 елдің делегациясы Жапонияның императоры Нарухитоның таққа отыруына арналған ресми шараға қатысатындығын растаған. Олардың қатарында мемлекет және үкімет басшылары, сыртқы істер министрлері бар.
Сәуір айында Жапонияда император Акихитоның отставкасына қатысты ресми шара өтті. Оның 30 жыл тақта болған императорлық дәуірі Хэйсэй («бітімгершілік» - редакция) деген атпен ел есінде қалды. Жақында Акихитоның орнына таққа мұрагерлікпен ханзада Нарухито келді. Жаңа императордың жаңа дәуірі Рэйва («сұлулық пен үйлесім» - редакция) деп аталады.