Тоқаев пен Мирзиеев су қоймасында болған апат жөнінде сөйлесті
Тараптар апат зардабын бірлесе шешуге келісті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.
Әңгімелесу барысында Қазақстан Президенті Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылу салдарын жою жөніндегі Өзбекстанның қолға алған іс-қимылдарын жоғары бағалап, бауырлас әрі тату көрші өзбек халқына көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
«Шавкат Мирзиеев Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау білдіргені үшін алғыс айтып, аталған апат Қазақстанның оңтүстігіндегі бірқатар елді мекенге де зиян тигізгеніне өкініш білдірді. Осыған орай Өзбекстан Президенті су тасқынынан зардап шеккен аудандарды тезірек қайта қалпына келтіру мақсатында бірлескен шаралар қабылдауға ниетті екенін айтты», - делінген хабарламада.
Мемлекеттер басшылары қалыптасқан жағдайға орай туындаған барлық мәселені шұғыл шешу үшін екі елдің Үкіметтері деңгейіндегі үйлесімді жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар тараптар COVID-19 вирусына қарсы күресте екі елдің атқарып жатқан тиімді әрі жүйелі жұмыстарына көңілдері толатынын айтып, соның арқасында індеттің кең таралуына жол берілмегеніне тоқталды.
Осы ретте тараптар пандемияның Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық қатынастарға кері әсерін болдырмау мақсатында екіжақты ықпалдастықты жандандыру қажеттігіне назар аударды. Атап айтқанда ауыл шаруашылығы, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және тағы басқа салалардағы экспорт әлеуетін арттыру үшін бірлескен өндіріс орындарын ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Қазақстан тарапының бастамасымен болған әңгімелесу жылы және достық рәуіште өтті.